Ұлттық спорт: Сыр өңірінде 200-ге жуық шабандоз кәсіби мамандардан тәлім алуда

Almaty.tv
Almaty.tv

Биыл аймақтағы көкпар командасының құрылғанына 20 жылға жуықтаған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ұлтпен бірге жасасып келе жатқан ұлттық спорт түрлерінен Сыр өңірі де сырт қалған емес. Бүгінде өңірде көкпар, аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату секілді ұлттық спортпен шұғылданушылар саны 30 мыңға таяу. Ал ұлттық ат спорты клубында тұрақты түрде 200-ге тарта спортшы кәсіби мамандардан тәлім алып жүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.Теңге ілу

20 жастағы Жәнібек Ысқақ бұғанасы бекіген уақыттан ат жалын тартып мінген. Бүгінде көкпардан облыстың жастар құрамасының мүшесі. Тақымы тастай жігіттің теңге ілу спортына да таласы бар. Ат құлағында ойнайтын ол талай додада топ жарып жүр.

 «12 жасымнан бастап атқа міндім. Осы аттың үстіне мықтап отырып, теңге ілу спортына бейімделіп, үйреніп, теңге ілу спортына қатыстым. 7 жылдай болды атқа мініп жүргенімізге. Теңге ілуде бірінші атты өзіңнің еркіңе қарай шаптыруың керек. Екеюге өзің бейімделуің керек. Осы жарыста 5 ұпай жинап бірінші орынды алып отырмын», – деді шабандоз Жәнібек Ысқақ.

Ал аға жаттықтырушы Сламхан Өміртайұлы ұлттық спорттың бірнеше түрінен шәкірт тәрбиелеп отыр. Биыл аймақтағы көкпар командасының құрылғанына 20 жылға жуықтаған. Қазір шабандоздар үш жас ерекшелігі бойынша облыстық құрамаға еніп, аймақ намысын қорғап жүр.

 «Қызылорда облысы бойынша 200-ге тарта шабандоздар көкпармен айналысады. Теңге ілу деген де жақсы дамып келе жатыр. Қазақстан республикасының чемпиондары бар. 2021 жылы Түркияда бүкіләлемдік этноспорт түрлерінің фестивалі өтті. Сонда Исраил Айдар деген шабандозымыз жүлделі 1 орынға ие болды. Жамбы ату спорт түрінен 2024 жылы алтын тұғыр номинациясын жеңіп алдық», – деді облыстық Ұлттық ат спорты клубының жетекшісі Сламхан Боранбаев.

Өңірде құсбегілік өнер кенже қалған еді. Осы олқылықтың орнын жаңақорғандық Ғалымжан Өміртай толтырып жүр. Бүркіт баптауды былтыр бастаған ол «ғасырлар қойнауынан жеткен құндылықты жандандырып, өскелең ұрпаққа үйрету мақсатым» дейді. Азамат «Семсер» атты қыранын жергілікті ауа райына бейімдепті. «Құс патшасы өте сезімтал келеді» деген ол жердегі жемтігін үш шақырымнан байқайтын бүркітінің біртіндеп үйренісе бастағанын айтты.

 «Бүркіті қолға үйреткеніме бір жылдан асты.  Аз тәжірибе жинаған жоқпын. Тек бізге жетпейтіні уақыт. Ет береміз, кім көп тамақ береді, соған тез үйренеді екен. Қазақстан чемпионатына ұлттық спорт мектебімдегі оқушыларды қатыстырдым», – деді құсбегі Ғалымжан Өміртай.

Ұлттық спорттың ұрпаққа берер тағылымы мол. Ойын баланың жеке қасиеттерімен біте қайнасып, өмірлік дағдысын дамытады. Жауынгерлік жаттығулар арқылы негізі қаланған төл спорт тәуелсіздік алған тұста төрге оза бастады. Қазірде дәл осы ұлттық ойындардың отызға тарта түрі кеңінен қолданыста. Әсіресе ат спортына қатысты көкпар, аударыспақ, теңге ілу, садақ ату түрлері жігіттің жауынгерлік даярлығын жетілдірсе, асық ойындары оның алғашқы сабақтары секілді. Мергендігін шыңдап, ептілігін арттырған бала тапқырлыққа, шапшаңдыққа, батылдыққа үйренеді.

Асқар Сәрсенұлы, Төрехан Әділбекұлы,Қызылорда облысынан

Оқи отырыңыз: Көнек, үкіаяқ:  қазақтың ұлттық бұйымдары туралы не білесіз

Новости партнеров