Ұлттық ұлан сарбазы әскери қызметшілерге арналған цифрлық портал әзірледі

26.02.2026 10:21

Жаңа цифрлық ресурс әскери бөлім қызметін оңтайландыруға бағытталған

polisia.kz

Ұлттық ұлан сарбазы әскери қызметшілерге арналған цифрлық портал әзірледі, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы айқындаған цифрландыру және жасанды интеллектіні дамыту бағыты аясында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Ұлттық ұланында заманауи технологиялық шешімдер кезең-кезеңімен енгізілуде. Осы бағыттағы кезекті жоба 5573 әскери бөлімінде жүзеге асырылды. Мұнда мерзімді әскери қызметтің сарбазы Ким Хён У арнайы ақпараттық портал әзірледі.

Жаңа цифрлық ресурс әскери бөлім қызметін оңтайландыруға бағытталған. Бүгінде ол бірқатар қызметтік үдерістерді автоматтандырып, уақыт шығынын айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік беріп отыр.

Жоба авторы — Алматы қаласының тумасы, қатардағы Ким Хён У. Ол "Ақпараттық технологиялар" мамандығы бойынша білім алып, меңгерген дағдыларын әскери қызмет барысында тиімді қолданып келеді. Алдағы уақытта "Сарбаз 2.0" бағдарламасы аясында білім беру грантын иеленіп, кәсіби біліктілігін одан әрі жетілдіруді жоспарлап отыр.

Цифрлық технологияларға деген қызығушылығы сарбазға әскери бөлімнің ішкі үдерістерін жетілдіру жұмысына белсенді қатысуға жол ашты. Аға офицерлердің жетекшілігімен бөлім қызметіне жан-жақты талдау жүргізіліп, цифрландыруды қажет ететін негізгі бағыттар айқындалды. Зерттеу нәтижесінде ақпарат алмасу жүйесін жетілдірудің маңыздылығы ерекше атап өтілді.

Нәтижесінде бұған дейін негізінен саптық алаңда ауызша жеткізілетін маңызды ақпарат енді арнайы портал арқылы жедел жарияланатын болды. Бұл өз кезегінде құжат айналымын жеңілдетіп, бұйрықтардың уақытылы жаңартылуын және ақпараттың өзектілігін қамтамасыз етті.

Сонымен қатар психологиялық қызмет жұмысына да ерекше назар аударылды. Ким Хён У-дың қатысуымен мерзімді әскери қызметшілердің тестілеу нәтижелерін автоматты түрде өңдейтін алгоритм әзірленді. Әскери психологтардың мәліметінше, енгізілген цифрлық шешім алты ай ішінде шамамен 500 жұмыс сағатын үнемдеуге мүмкіндік берген.

— Әскер мен үшін үлкен тәжірибе мектебіне айналды. 5573 әскери бөлімінде мерзімді әскери қызметшілердің жан-жақты дамуына барлық жағдай жасалған. Тәртіп пен жоғары талаптар өзін-өзі жетілдіруге мол мүмкіндік береді. Әскери қызмет кезеңін тиімді пайдаланып, жаңа кәсіби дағдыларды меңгеруді мақсат етіп отырмын, — деді сарбаз.

Алдағы уақытта Ким Хён У әскери бөлімнің жауынгерлік қызметін ұйымдастыру үдерістерін жетілдіруге бағытталған жаңа цифрлық шешімдерді енгізуді жоспарлап отыр. Оның басты мақсаты — қызмет тиімділігін арттырып, әскери қызметшілер үшін заманауи әрі қолайлы цифрлық орта қалыптастыру.

Оқи отырыңыз: Алматыда курьерге қойылатын талаптар күшейтіледі