Ұлттық жобалар негізгі салалардағы нәтижелерді қамтамасыз етіп отыр - Үкімет

primeminister.kz
primeminister.kz

Өңірлерде әрбір бағыт бойынша нақты нәтижелер көрініс тауып жатыр

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Үкімет Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономика мен әлеуметтік саланың негізгі салаларын кең ауқымда жаңғырту туралы тапсырмаларын орындау бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізуде. Осы жұмыс шеңберінде «Келешек мектептері» және «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобаларын жүзеге асыру аяқталды, «Қолжетімді интернет» пен «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» жобалары бойынша жұмыстар жалғасуда, сондай-ақ «Көмір генерациясын дамыту» жаңа ұлттық жобасы басталуда, деп хабарлайды  Аlmaty.tv Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Өңірлерде әрбір бағыт бойынша нақты нәтижелер көрініс табуда. Бүгінде шамамен 6,3 млн адам неғұрлым сенімді және тұрақты жылумен қамтамасыз етілген. Медициналық көмек шалғай ауылдардың 1 млн тұрғынына қолжетімді болса, мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмек 4 млн-нан астам ауыл тұрғындарына көрсетіледі. Сапалы жоғары жылдамдықты Интернет және 4G және 5G байланысы миллиондаған азаматтар мен ауылдық жерлердің тұрғындарын қамтиды, қазіргі заманғы жаңа мектептерде 217 мыңнан астам оқушы білім алуда.

2 Ұлттық жобаны жүзеге асыру аяқталды:

  • «Келешек мектептері» – 217 мектеп салынды.
  • «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» – 655 МСАК нысандары салынды.

2 Ұлттық жоба қарқынды жүзеге асуда:

  • «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту»;
  • «Қолжетімді интернет».

Жаңа ұлттық жоба басталуда:

  • «Көмір генерациясын дамыту».

«Келешек мектептері»: оқушыларға арналған жаңа орындар және заманауи мектеп инфрақұрылымы 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша сапалы білім беру, оқушы орындарының тапшылығын, үш ауысымды оқыту мен апатты мектептерді жою арқылы тең жағдай жасауға бағытталған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы жүзеге асырылды.

Үш жыл ішінде жоба аясында 460 мың оқушыға арналған жаңа форматтағы 217 мектеп салынды: 2024 жылы 105 мектеп, 2025 жылы 112 мектеп пайдалануға берілді. Нәтижесінде 54 үш ауысымды және 12 апатты мектеп мәселесі толығымен шешілді, сондай-ақ 100-ден астам мектепте оқушы орындарының тапшылығы қысқарды. Нысандардың едәуір бөлігі Астана, Алматы және Шымкент қалаларында, сондай-ақ Алматы, Түркістан, Маңғыстау және Қызылорда облыстарында жүзеге асты.

Ауылдық жерлерде мектеп инфрақұрылымын дамытуға ерекше назар аударылды. Ауылдық жерлерде жаңа форматтағы 84 мектеп салынды, соның арқасында 130 мыңнан астам ауыл балалары заманауи және жайлы білім беру ортасына қол жеткізе алады.

«Келешек мектептерінің» ауданы бұрынғы типтік жобалар бойынша салынған мектептерден орта есеппен алғанда 15–20%-ға үлкен, ал техникалық жабдықтау деңгейі 4 еседен астам жоғары.

Мектептер заманауи физика, химия, биология кабинеттерімен, зертханалармен, компьютерлік сыныптармен, STEM-зертханалармен және робототехника кабинеттерімен жабдықталған. Оқушыларға жылжымалы трансформер-парталар мен жеке шкафтар беріледі, санитарлық нормаларға сәйкес әр қабатта ауыз су бұрқақтары орнатылады. Шығармашылық әлеует пен кәсіби дағдыларды дамыту үшін толық жарақтандырылған әмбебап шеберханалар, студиялар мен бастауыш кәсіптік оқыту кабинеттері қарастырылған.

Жобаны жүзеге асыру кезінде білім беру ортасының функционалдығы мен қауіпсіздігіне ерекше назар аударылған. Мектептердегі кеңістіктер оқушылардың жас ерекшеліктерін ескере отырып ұйымдастырылған: бастауыш және жоғары сыныптар үшін бөлек блоктар қарастырылған. Жоғары қауіпсіздік шаралары заманауи техникалық шешімдерді енгізу есебінен қамтамасыз етіледі. Мектептер ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың қажеттіліктерін ескере отырып жабдықталуда.

Қазіргі заманғы инфрақұрылым мұғалімдердің тиісті дайындығын талап етеді. Осыған байланысты осы жылы 1,6 мыңнан астам педагог STEM-білім беру, жаратылыстану-ғылыми пәндер, робототехника және цифрлық технологиялар бойынша НЗМ, РФММ және «Білім-инновация» лицейлері базасында тәжірибеге бағдарланған семинарлардан өтті. 5 мыңнан астам педагог «Өрлеу» БАҰО-мен бірлесіп пәндік даярлық, цифрлық технологиялар, жасанды интеллект, инклюзивті білім беру және «Адал азамат» бағдарламасы бойынша оқытумен қамтылды.

Сонымен қатар мектеп басшыларының басқарушылық құзыреттерін дамыту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы 200-ге жуық директорға арналған «Келешек мектептері» маусымдық академиясын, сондай-ақ 200-ге жуық директордың тәрбие жөніндегі орынбасарларына арналған оқыту семинарын өткізді.

«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту»: МСАК-тың жаңа нысандары және жоғары технологиялық көмекке қол жеткізу

Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында инфрақұрылымды кешенді дамыту мен жаңартуды, сондай-ақ ауылдағы кадрлық әлеуетті нығайтуды қамтитын бірнеше негізгі міндеттерді шешуге бағытталған «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы жүзеге асырылды.

Ауылдық елді мекендерді медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарымен қамтамасыз ету бойынша 655 МСАК нысанының, оның ішінде 260 медициналық пункттің, 235 фельдшерлік-акушерлік пункттің және 160 дәрігерлік амбулаторияның құрылысы толық аяқталды. 

Жалпы нысандардың ішінен 427 жаңа ғимарат тозған және апатты ғимараттардың орнына салынды. Сондай-ақ, 208 нысан бұрын үй-жайлардың болмауына байланысты тұрғындарға үйлеріне барып медициналық қызметтер көрсетілген елді мекендерде бой көтерді, ал тағы 20 нысан бұрын медицина қызметкерлері мен инфрақұрылымы мүлдем болмаған ауылдарда пайда болды.

Нәтижесінде барлық 655 МСАК нысанын іске қосудың арқасында медициналық қызметтерге қосымша 1 млн-ға жуық ауыл тұрғыны қол жеткізді.

Сонымен қатар жедел медициналық көмектің уақтылы көрсетілуін арттыру мақсатында 32 аудандық аурухана күрделі жөндеу, қайта жаңғырту және жоғары технологиялық медициналық жабдықтармен жарақтандырудың арқасында заманауи көпбейінді орталық аудандық ауруханаларға (бұдан әрі - КОАА) айналды. Оның ішінде КТ, МРТ аппараттары, ангиографтар, сондай-ақ реанимациялық және хирургиялық техникалар орнатылды. Бұл 4 млн-нан астам ауыл тұрғынына мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмекті қолжетімді етуге мүмкіндік береді.

Ауылда денсаулық сақтау саласын кадрлармен қамтамасыз ету аясында жаңа және жаңғыртылған нысандарда жұмыс істеу үшін 1,1 мың медицина маманы даярланды.

«Қолжетімді интернет»: цифрлық инфрақұрылымды кеңейту 

«Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы халық пен бизнесті кемінде 100 Мбит/с жылдамдықтағы жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етуді көздейді. Жоспарланған 31 іс-шараның бүгінгі күнге дейін 21-і сәтті орындалды. Атап айтқанда, 2025 жылы спутниктік байланыс арқылы 362 ауыл интернетпен қамтамасыз етілді, мобильді байланыс операторлары 12 қосарлы мақсаттағы тірек орнатты, Қазақстан бойынша 743 «ақтаңдақ» жойылды. Сонымен қатар байланыс саласын реттеуді жетілдіруге, телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға қолайлы жағдай жасауға, талшықты-оптикалық байланыс желілері мен мобильді байланыс желілерінің құрылысын жеделдетуге, сондай-ақ инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру кезіндегі әкімшілік кедергілерді азайтуға бағытталған ҚР заңдары мен нормативтік-құқықтық актілеріне тиісті өзгерістер енгізілді. 

«Қазақтелеком» АҚ-мен 2025 жылдың маусым айында қол қойылған, бюджеттен тыс 239 млрд теңге сомасына жасалған келісім шеңберінде 2027 жылдың соңына дейін 1,2 млн адамды және 5,8 мың мемлекеттік нысанды қамти отырып, 3 мыңнан астам ауылды жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету жоспарлануда. Бүгінгі таңда 12 ауылда талшықты-оптикалық байланыс желілері салынды, 340 ауылда спутниктік байланыс арқылы интернетке қолжетімділік қамтамасыз етілді.

Сонымен қатар Дүниежүзілік банктің қолдауымен 83,9 млрд теңге көлемінде 1 123 ауылдағы 2,3 млн адамды интернетпен қамту үшін «соңғы» тұтынушы субсидиялау жобасы жүзеге асырылуда. Ол 1 123 ауылда тікелей елді мекендер мен үй шаруашылықтарына дейін талшықты-оптикалық байланыс желілерін салуды көздейді, бұл шамамен 2,3 млн адамды жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта үй шаруашылықтарына дейін талшықты-оптикалық байланыс желілерін салу жұмыстары басталды.

Ұялы байланыс секторы 5G желілерін орналастыру бойынша міндеттемелерін мерзімінен бұрын орындап, елдің 20 қаласында 3 618-ден астам базалық станса орнатты. Халық саны 250 адамнан асатын барлық ауылдар, яғни 3 807 ауыл операторларға салық преференцияларын беру есебінен 4G стандартына кезең-кезеңімен ауыстырылады, оның ішінде 2026 жылғы І жартыжылдықтағы жағдай бойынша 4G-ға 566 ауыл көшті.

Халықаралық инфрақұрылымды дамыту бөлігінде Әзербайжан – Қазақстан бағыты бойынша (сыйымдылығы 6 Тбит/с дейін) Каспий теңізінің түбімен суасты ТОБЖ төсеу жұмыстары басталды, 

Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту: желілерді жаңарту және апаттық жағдайларды азайту

Президент тапсырмалары аясында 2024 жылғы желтоқсанда қабылданған «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы ауқымды жөндеу науқаны мен инфрақұрылымды жаңартудың негізгі бастау нүктесіне айналды. Құжат жеңілдетілген қаржыландыруды тартуға бағытталған және 200-ден астам инфрақұрылымдық кәсіпорындарды қамтиды. 2025–2029 жылдарға жоспарланған инвестициялардың жалпы көлемі 13 трлн теңгені құрайды. Оның ішінде 6,8 трлн теңге коммуналдық секторға, 6,2 трлн теңге энергетика саласына бағытталады. Жобаның негізгі көрсеткіші – желілердің тозу деңгейін 40%-ға дейін төмендету, бұл апаттар санын 20%-ға қысқартуға мүмкіндік береді.

2025 жылы жобаны жүзеге асыруға 547 млрд теңге бағытталды. Осы қаражат есебінен 6,6 мың шақырым инженерлік желі жөнделіп, бұл 8 табиғи монополия субъектісін желілердің тозуы бойынша «қызыл аймақтан» шығаруға мүмкіндік берді. Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласында 5 ірі жобаны жүзеге асыру аяқталды. Рәсімдерді автоматтандыру және инвестициялық іс-шараларды іріктеу үшін Электрондық сатып алу платформасы іске қосылып, Үкімет жанынан Жобалық офис құрылды.

Инфрақұрылымды жаңарту жұмыстарының жалғасы ретінде электрмен және жылумен жабдықтау салаларындағы нақты жобаларды жүзеге асыруға ерекше назар аударылып отыр. Бүгінде Энергетика министрлігі жалпы құны 990,9 млрд теңге болатын 393 жобаны жүзеге асыруды қолдады. Олардың жалпы ұзындығы шамамен 12 мың шақырымды құрайды. Оның ішінде:

  • электрмен жабдықтау саласында жалпы құны 541,7 млрд теңге болатын, жалпы ұзындығы 11 714 шақырымды құрайтын 256 жоба жүзеге асырылуда;
  • жылумен жабдықтау саласында жалпы құны 449,2 млрд теңге болатын, жалпы ұзындығы 314 шақырымды құрайтын 137 жоба жүзеге асырылуда.

2026 жылға 1,1 трлн теңге көлемінде қаржыландыру көлемі бекітілді. Жоспарда – 12 мың шақырым желіні жөндеу, тағы 8 кәсіпорынды тәуекел аймағынан шығару және Smart Turmys цифрлық платформасын толық ауқымда енгізу.

Бұдан бөлек, отандық тауар өндірушілерді қолдауға да басымдық берілді: 2029 жылға дейін олардың өнімдеріне деген қажеттілік 2 трлн теңге көлемінде бағаланады, ал E-Ondiris платформасында бүгінде 492 отандық кәсіпорын тіркелген.

Көмір генерациясын дамыту: жаңа нысандарды іске қосу және қолданыстағы стансаларды жаңғырту

Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың V отырысы барысында берген тапсырмаларын жүзеге асыру шеңберінде Үкімет 2026-2030 жылдарға арналған «Көмір генерациясын дамыту» ұлттық жобасын бекітті.

Бағдарлама бес жылдық кезеңге есептелген және энергияны көп қажет ететін салаларды дамытуға, сондай-ақ есептеу қуаттарына өсіп келе жатқан сұранысты қамтамасыз етуге берік негіз қалыптастыруға бағытталған. Жоба аясында қаржыландырудың бес тетігін қолдану арқылы кемінде 7,5 трлн теңге көлемінде тек бюджеттен тыс инвестиция тарту көзделген. Оның ішінде «Қазақстанның Даму банкі» АҚ, халықаралық қаржы ұйымдары, екінші деңгейдегі банктер және «Бәйтерек» холдингінің даму институттары арқылы кредит беру тетіктері қарастырылған.

Ұлттық жобаны жүзеге асырудың негізгі міндеттері – энергия өндіруші жаңа нысандарды салу, қолданыстағы энергетикалық нысандарды жаңғырту, саладағы кадрлық әлеуеттің тұрақтылығын қамтамасыз ету, тұрақты әрі қолжетімді қаржыландыру тетігін қалыптастыру, сондай-ақ көмірмен істейтін энергетика үшін ұзақмерзімді және теңгерімді отын-логистика жүйесін құру.

Жоба аясында сегіз жаңа энергия көзін салу және қолданыстағы 11 энергия көзін жаңғырту қарастырылған. Атап айтқанда, Көкшетауда (240 МВт), Семейде (360 МВт), Өскеменде (360 МВт), Жезқазғанда (500 МВт) жылу электр орталықтарын, Қарағандыда (180 МВт) және Екібастұзда (350 МВт) жылу электр стансаларын, сондай-ақ Курчатовта (700 МВт) және Екібастұзда (2 640 МВт) конденсациялық электр стансаларын салу жоспарланған.

Жекелеген жобаларды жүзеге асыру жұмыстары басталып та кетті. Көкшетауда электр энергиясы бойынша қуаты 240 МВт және жылу қуаты 520 Гкал/сағ болатын жаңа ЖЭО салынып жатыр. Ол қаланың жылу энергиясына өсіп келе жатқан қажеттілігін толық өтеуге мүмкіндік береді. Семейде 2026 жылғы сәуірде ЖЭО-3 құрылысы басталды. Бұл жоба жылу энергиясының қазіргі тапшылығын, оның ішінде қаланың оң жағалау бөлігіндегі тапшылықты жоюға және шамамен 320 мың тұрғынды жылумен сенімді жабдықтауды арттыруға мүмкіндік береді.

Жалпы алғанда, Көкшетау мен Семейдегі жаңа жылу көздері екі қаладағы шамамен 500 мың тұрғынды айтарлықтай сенімді жылумен қамтамасыз етеді.

Бұдан бөлек, 2025-2026 жылдары жаңадан пайдалануға берілетін генерация қондырғыларын салу бойынша өткізілген тендер нәтижесінде Екібастұз қаласында,ы ГРЭС-3 құрылысының жобасын, Курчатов қаласындағы ГРЭС құрылысының жобасын жүзеге асырушылар айқындалды. Қазіргі уақытта жобалар бойынша құрылысты бастауға қажетті техникалық құжаттарды әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Сонымен қатар қолданыстағы энергия көздерін жаңғырту көзделген. Жаңғырту жұмыстары «Ақсу» ГРЭС-ін, Екібастұз ГРЭС-2-ні, сондай-ақ Шахтинск, Топар, Қарағанды қалаларындағы стансаларды және бірқатар басқа нысанды қамтиды. Екібастұз ГРЭС-2-де әрқайсысының қуаты 550 МВт болатын №3 және №4 энергоблоктарды салу жоспарланған (қазіргі уақытта энергоблоктарды тиісінше 2028 және 2030 жылдардан кешіктірмей пайдалануға беруді көздейтін инвестициялық келісімдер жасалды).

Озық технологияларды енгізу жабдықтардың тозуын айтарлықтай азайтуға, экологиялық шығарындыларды төмендетуге және саланың тұрақты кадрлық әрі отын базасын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Осылайша, Үкіметтің ұлттық жобаларды кешенді түрде жүзеге асыруы инфрақұрылымдық және әлеуметтік саланың жаңаруын қамтамасыз етеді. Қазақстан өңірлерінде денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы жүздеген нысанды пайдалануға беру, коммуналдық желілерді жаңарту, энергетика саласына бюджеттен тыс инвестициялар тарту және телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамыту азаматтарға көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға, энергетикалық және цифрлық қауіпсіздікті нығайтуға және экономикалық өсуді одан әрі қамтамасыз етуге берік негіз қалыптастырады.

Оқи отырыңыз: 20 тамызға арналған валюта бағамы