Ұлытау облысына биыл 143 отбасын қоныстандыру жоспарланған

01.10.2026 16:30

Оңтүстіктен Солтүстікке көші-қон бағдарламасы аясында Ұлытау облысына қоныс аударушылар саны артып келеді. Биыл өңірге ерікті қоныс аудару бағдарламасы бойынша 143 отбасын көшіру жоспарланған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Солардың бірі – Түркістан облысының Түлкібас ауданынан Сәтбаев қаласына көшіп келген Қуаныш Мырқасов пен Айсұлу Исаеваның отбасы. Олар үш ай бұрын жаңа қонысқа көшіп, қазір ортаға бейімделіп келеді. Айсұлу өз кәсібін қолға алған.

– Бес балам бар – бір қыз, төрт ұл. Жолдасым жұмыс істейді. Маған Мансап орталығының қызметкерлері жақсы көмектесті. Солардың бағыттауы бойынша құжаттарымызды рәсімдеп, осы баспананы алдық. Балаларым мектеп пен балабақшаға орналасты. Бәрі орны-орнымен болды. Көшіп келгеніміз үшін мемлекеттен бір реттік көмек берілді, – деді бағдарламаға қатысушы Айсұлу Исаева.

Отбасының айтуынша, жаңа ортада тұрақты жұмыс істеуге және балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік бар. Олар түрлі үйірмелер мен спорттық секцияларға қатысып жүр.

– Халықтың қабылдауы жақсы. Мұндағы жұрт қарапайым, бір-біріне кішіпейіл. Бізді жақсы қарсы алды. Тұрмыс жағдайымыз да жақсы. Қала болғаннан кейін балалар қатысатын спорттық секциялар мен түрлі үйірмелер бар. Балаларымыз соларға қатысып жүр, – деді бағдарламаға қатысушы Қуаныш Мырқасов.

Оңтүстіктен келген отбасына Сәтбаев қалалық Мансап орталығы қолдау көрсеткен. Құжаттарды рәсімдеуден бастап, балаларды білім беру ұйымдарына орналастыруға дейін көмек берілген. Сондай-ақ мемлекет тарапынан бір реттік қаржылай қолдау көрсетіліп, баспана алуға сертификат қарастырылған.

– 2026 жылы көші-қон бағдарламасы бойынша Сәтбаев қаласына 6 отбасын қоныстандыру жоспарланған. Қазіргі таңда 3 отбасы көшіп келіп, тұрақты жұмысқа орналастырылды. Қалған тағы 3 отбасының көшіп келуіне дайындық жүргізіп жатырмыз. Әр отбасының әрбір мүшесіне Үкімет тарапынан 70 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде төлем беріледі. Бір жылдан кейін баспана алуға 1160 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде сертификат беріледі, – деді Сәтбаев қалалық Мансап орталығының басшысы Алтынгүл Ауесханова.

Айта кетейік, Ұлытау облысындағы жұмыс күшін арттыру мақсатында биыл ерікті қоныс аудару бағдарламасы бойынша 143 отбасын көшіру жоспарланған.

Алтынгүл Төлегенова, Almaty TV, Ұлытау облысынан.

Толық көрсету