Ұлытау облысында балық аулауға шығып, жоғалып кеткен азаматтар табылды

19.12.2025 15:05

Төтеншеліктер халыққа қыста табиғатқа шығу аса қауіпті екенін ескертіп, сапар бағытын алдын ала жақындарына хабарлауды ескертті

Ұлытау облысында балық аулауға шығып, хабар-ошарсыз кеткен алты азамат төрт күнге созылған іздестіру жұмыстарының нәтижесінде аман-есен табылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Балықшылар бірнеше күн бойы байланысқа шықпаған. Осыдан кейін жақындары алаңдап, құтқару қызметіне жүгінген. Құтқарушылар дала алқаптарын, қолжетімсіз аумақтарды тексеріп, тікұшақ та жұмылдырды. Үсік шалған азаматтардың бірін бірден дәрігерлерге тапсырған. Қазір өміріне қауіп жоқ.

Төтеншеліктер халыққа қыста табиғатқа шығу аса қауіпті екенін ескертіп, сапар бағытын алдын ала жақындарына хабарлауды ескертті.

«Ұлытау ауданы Ақтаз ауылы маңында, Жезқазған қаласынан шамамен 180 шақырым қашықтықта екі автокөлік анықталды. Көліктердің арақашықтығы шамамен 7 шақырым болды. Бір автокөлікте жанар-жағармай толықтай таусылған. Көмекке мұқтаж азаматтар суықтан қорғану үшін түнгі және күндізгі уақытта дөңгелектерді жағып, жылынуға мәжбүр болған. Азық-түлік қоры да біткен. Оқиға орнына тікұшақ ұшып барып, барлығын эвакуацияладық. Олар авиациялық ангарға жеткізіліп, қажетті медициналық және өзге де көмек көрсетілді», – деді облыстық ТЖД бастығының орынбасары Шыңғыс Самиев.

Оқи отырыңыз: Астанадағы балабақшада бүлдіршінді ұрып-соққан тәрбиеші жұмысынан қуылды