Ұлытау облысында қандай әлеуметтік нысандар бой көтереді

29.10.2026 19:58

Мемлекет басшысы Халыққа Жолдауында барлық аймақта жаппай құрылысты бастап, жандандыру қажет екенін атап өтті. 

Ұлытау облысында 10-нан аса әлеуметтік нысан салынып жатыр. Сонымен қатар 26 ғимараттың құрылысы мен жаңғыртуына инфрақұрылымдық даму қорынан 70 миллиард теңге бағытталмақ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Қазақстан ауқымды құрылыс алаңына айналуы тиіс». Халыққа Жолдауында Мемлекет басшысы осы бастаманы көтерді. Өйткені бұл – азаматтардың әл-ауқатын арттырып, кәсіпкерліктің өркендеуіне және ұлттық экономиканы ілгерілетуге зор ықпал ететін ең үлкен инфрақұрылымдық жоба.

Ұлытау облысында әлеуметтік нысан тұрғызу ісін дамыту – негізгі бағыттардың бірі. Қазір өңірде мектеп, мұз айдыны, бассейн мен спорт аренасы салынып жатыр. Сонымен қатар демеушілердің қолдауымен 150 орындық оңалту орталығы, инклюзивті спорт кешені, 7 мың орындық стадион, теннис орталығы және конгресс-орталық бой көтермек.

«Республикалық бюджеттен немесе басқа да қаржыландыру көздерінен 130 миллиард шамасында қаржы тартылу көзделген. Үш жылдың көлемінде 136 жоба іске асырылуы тиіс. Оның 16 жобасы бойынша сараптаманың оң қорытындысы бар, қазіргі таңда 31 жоба әзірлену үстінде. 89 жоба 2027–2029 жылдардың ішінде жобалық-техникалық құжаттамасы әзірленіп, құрылыс жұмыстары басталады деген жоспарымыз бар», – деді Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Ринат Алматов.

Облыс тұрғындарының айтуынша, жоғары оқу орындары мен медициналық мекемелердің, студенттерге арналған жатақханалардың салынуы жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне мол мүмкіндік береді.

«Көп адам медициналық көмек алу үшін басқа қалаға барып жатады. Зерттеу жұмыстары қажет болып жатады, соны дамытса... Оқу орындары да жетіспейді. Биыл Ұлытау университеті ашылды. Балаларымыз басқа жаққа барып оқиды, ал неге өз елінде оқымаска, алған білімін туған жеріне арнап, жұмыс істесе», – деді Сәтбаев қаласының тұрғыны Рахат Нұрғалиев.

«Жаңа үйлер салынса, қаланың төменгі жағындағы 2 қабатты ескі үйлер сүріледі деп естідік. Соларды шынымен алып тастап, орнына жаңа тұрғын үй көтерілсе, әрине қуанамыз. Ол үйлер шынымен тозған. Қалаға жаңа тұрғын үй кешендері салынып, жақсы кинотеатрлар салынса, Кеңгір жағын дамытса деген тілегіміз бар»», – деді Сәтбаев қаласының тұрғыны Арман Жаңабатыров.

Қазір облыс бойынша 21 көпқабатты тұрғын үй салынып жатыр. Оның жетеуі биыл пайдалануға берілмек. Сонымен қатар жыл соңына дейін әлеуметтік осал топтағы азаматтарға 194 пәтер табысталмақ. Бұдан бөлек, өңірде тозығы жеткен тұрғын үйлерді жаңарту бағытындағы реновация бағдарламасы да қолға алынған.

«Осы қазанда «Отбасы банк» акционерлік қоғамы мен әкімдік арасында меморандумға қол қойылды. Бұл «Ұлытау баспана» деген бағдарлама болып қалыптасады. Ол 2027–2029 жылдар аралығында, үш жылдың көлемінде жұмыс жасайды. Келісімге сәйкес, облыс әкімдігі әр жылға 500 млн теңге, «Отбасы банк» тарапынан 2,5 млрд қаражат бөлініп, жоспарланған, – деді Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Ринат Алматов.

Президент тапсырмасына сәйкес, өңір халқын тұрғынжаймен қамту бағытындағы жұмыстар жалғасады. «Ұлытау баспана» бағдарламасы аясында үш жылда 9 миллиард теңге бөлініп, жыл сайын 100-ден астам пәтер салу көзделген. Бұл тұрғын үйге деген сұранысты едәуір азайтпақ.

Алтынгүл Төлегенова, Ұлытау облысынан

Оқи отырыңыз:  Алматыда онкологиялық орталығы бар жаңа көпбейінді медициналық кешен салынады

Толық көрсету