Оқиға Сәтбаев қаласындағы тұрғын үйдің бірінші қабатында болған
Ұлытау облысында полицейлер қызыл жалынның арасынан үш баланы арашалап, аман алып қалды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Оқиға Сәтбаев қаласындағы тұрғын үйдің бірінші қабатында болған. Пәтер өртке оранып жатқан кезде патрульдік полиция взводының инспекторлары Әсет Абдуакитов пен Нұрболат Нұрғабыл сол маңда қызмет атқарып жүрген. Олар үй терезесінен отты байқап, бірден көмекке ұмтылыпты. Тұрғындар үй ішінде кәмелетке толмаған балалардың қалғанын айтқан.
Тәртіп сақшылары еш ойланбастан пәтерге кіріп, төсектің астында жатқан баланы тауып, сыртқа алып шығыпты. Өрт қатты күшейген соң екінші бөлмеге кіру мүмкін болмаған. Соған қарамастан олар дереу сыртқа шығып, терезе арқылы тағы екі баланы құтқарып үлгерген.
Артынша өрт сөндірушілері келіп, тілсіз жау толықтай ауыздықталды. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ.
«Далада ананың көмек сұрап жатқанын көрдік. «Балам іште қалып қалды» деді. Ойланбастан ішке кірдік, есікті ашқан сәтте өрт өршіп кетті. Сол кезде баланы құтқару біздің міндетіміз болды. Ойлануға уақыт болған жоқ. Пәтерге кіріп, қызды тауып алып, анасына табыстадық. Екі баланы біз терезе арқылы алып шықтық, өйткені әрі қарай ішке кіру мүмкін болмады. Терезе арқылы кіріп, торды бұзып, екі баланы құтқардық», - деді Сәтбаев қаласы полиция басқармасы ПП қызмет инспекторы Әсет Абдуакитов.
Оқи отырыңыз: Шымкентте қаржы пирамидасын ұйымдастырған 9 адамға үкім шықты