Мамандардың айтуынша, өңірде 98 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді
Ұлытау облысында бөбекжай тапшылығы әлі шешімін таппай келеді. Ресми мәліметке сәйкес, өңірде 2-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту деңгейі 88 пайызды құрайды. Дегенмен, 1 555 бала әлі күнге дейін балабақша кезегінде тұр. Әсіресе Жезқазған мен Сәтбаев қалаларында орын жетіспеушілігі өзекті мәселе болып отыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Тұрғындардың айтуынша, балалар дүниеге келген күннен бастап кезекке тіркелгенімен, бірнеше жыл өтсе де балабақшадан орын ала алмайды. Соның салдарынан кейбір бүлдіршіндер мектепке дейінгі тәрбиені алмай, бірден бірінші сыныпқа барады.
«Мен көпбалалы анамын. Баланы дүниеге келісімен кезекке қоямын, бірақ соған қарамастан айлап күтеміз. Бір балам тіпті балабақша кезегін күтіп жүріп, ақыры мектепке барды», – деді Сәтбаев қаласының тұрғыны Индира Болатқызы.
Тұрғындардың сөзінше, мемлекеттік балабақшаларда орын тапшы, ал жекеменшік ұйымдардың қызмет ақысы қымбат. Соның салдарынан кейбір ата-аналар жұмысқа шығуды кейінге қалдыруға мәжбүр.
«Сәтбаев қаласында балабақша орындары көбірек ашылса дейміз. Жекеменшік балабақшалар бар, бірақ бағасы өте жоғары. Баламызды балабақшаға беріп, жұмысқа шыққымыз келеді. Балабақшалардың бағасы қолжетімді болып, орындар көбейсе деген ұсынысым бар», – деді Сәтбаев қаласының тұрғыны Айша Нартаева.
Облыстық білім басқармасы мәселенің бар екенін растайды. Мамандардың айтуынша, өңірде 98 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Онда 11 мыңнан астам бала тәрбиеленуде. Оның ішінде 7 мыңға жуығы мемлекеттік, мыңға жуығы жекеменшік балабақшаларға барады. Сондай-ақ 2,5 мыңнан астам бала мектепалды сыныптарда білім алып жатыр.
«2026 жылдың шілде айының қорытындысы бойынша 2–6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту деңгейі 88 пайызды құрайды. Қазіргі уақытта осы жастағы 1 555 бала мектепке дейінгі ұйымдарға кезекте тұр. Осыған байланысты балаларды мектепке дейінгі біліммен сапалы әрі қолжетімді қамту мақсатында 2025–2027 жылдарға арналған жекеменшік балабақшаларды ашу жөніндегі жол картасы бекітілген», – деді Білім басқармасы бөлімінің бас маманы Бибігүл Көлбаева.
Басқарма өкілдерінің мәліметінше, орын тапшылығын кезең-кезеңімен шешу үшін жаңа балабақшалар салу жоспарланған. Атап айтқанда, Сәтбаев қаласында 280 орындық, ал Жезқазған қаласына қарасты Кеңгір ауылында 320 орындық балабақшаның жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткен.
Оқи отытыңыз: Алматы өзендеріндегі жағдай тұрақты, қауіп жоқ - ТЖД