Ұлытаулықтар көлік жүргізіп үйрену үшін Қарағандыға баруға мәжбүр

14.05.2026 21:27

Тұрғындардың айтуынша, облыс орталығына сай инфрақұрылымды дамыту – уақыт күттірмейтін мәселе

Ұлытау облысының құрылғанына төрт жылға жуық уақыт өтсе де, Жезқазған мен Сәтбаев тұрғындары әлі күнге дейін кейбір мемлекеттік қызметті өзге қаладан іздеуге мәжбүр. Аймақ тұрғындарын алаңдатқан басты мәселелердің бірі — автодромның жоқтығы, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Тұрғындардың айтуынша, облыс орталығына сай инфрақұрылымды дамыту – уақыт күттірмейтін мәселе. Әсіресе халыққа қажетті қызметтер  қолжетімді болуы керек. Алайда көптің көкейіндегі мәселе әлі күнге дейін нақты шешімін таппаған. Көпбалалы аналардың бірі Ақнұр Ыбырай жүргізуші куәлігін алуға мәжбүр екенін айтады. Оның сөзінше, жолдасы жұмыстан қолы босамайтындықтан, балаларын мектеп пен қосымша үйірмелерге өзі тасуы қажет. Сол себепті тезірек көлік тізгіндегісі келеді. Алайда автодромның жоқтығы салдарынан өзге қалаға қатынауға тура келеді.

«Мен автомектепке оқуға келдім. Теорияны өте жақсы оқып жатырмыз. Енді көлік жүргізу үшін қаламызда автодром жоқ болуына байланысты басқа қалаға баруға мәжбүрміз. Сол үшін автодром мәселесі тез шешілгенін қалаймыз. Облыс болғанымызға да біраз уақыт болды», – деді тұрғын Ақнұр Ыбырай.

Жекеменшік автомектептердің бірінде білім алып, арнайы сертификат иеленгендердің бірі – Салтанат Битабарова. Оның айтуынша, өңірде теориялық емтихан тапсырғанымен, көлік жүргізу тәжірибесінен өту үшін басқа қалаға баруға мәжбүр.

«Сертификатымды алдым, теориядан экзаменнен өтіп кетсем, көлік айдау үшін басқа қалаға баруға мәжбүрмін. Бұл қалтаға салмақ түседі. Негізі автодром салынып жатыр, бірақ қолданысқа берілетіні, құрылысы қашан аяқталатыны белгісіз», – деді тұрғын Салтанат Битабарова.

Автонұсқаушы Бақытжан Әбілғазиевтің айтуынша, автодромның болмауы білім алушылардың толыққанды тәжірибеден өтуіне кедергі келтіріп отыр. Арнайы жабдықталған орынның жоқтығынан нұсқаушылар амалсыздан өздері бейімдеген шағын аумақта тәжірибелік сабақ өткізеді.

«Өте күрделі мәселе. Қаншама адам теориясын оқиды, практикасын өту үшін Алматыға, Астанаға, Қарағандыға барады, уақыт жоғалтады. Бірден тапсыра алмайды. Ең жақыны Қарағанды облысы 500 км, жол азабын қосыңыз. Қаншама адам қиналып жүр», – деді автонұсқаушы Бақытжан Әбілғазиев.

Жергілікті билік те бұл мәселенің өзектілігін мойындайды. Облыстық әкімдік өкілдерінің айтуынша, автодром құрылысы 2024 жылы басталған. Алайда алғашқы мердігер компания жұмысты уақытында аяқтамағандықтан, келісімшарт бұзылып, іс сотқа жолданған. Қазіргі таңда жаңа мердігер анықталып, құрылыс жұмыстары қайта жанданыпты. Жауаптылардың сөзінше, автодром мәселесі биыл толық шешімін табады. 

«Қазіргі таңда қалған қаражатқа конкурс жарияланып, мердігер анықталды. Құрылыс жұмыстарын бастау бойынша талон берілді. Қазіргі таңда анықталған мердігер жұмыстарды бастап жатыр. Құрылыс мерзімі 10 айды құрайды. 2027 жылдың наурыз айында аяқталуы тисі. Дегенменде мердігер осы жылдың соңына дейін аяқтап береміз деп отыр», – деді Сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Ринат Алматов.

Айта кетейік, жобаға облыстық бюджеттен 1 миллиард 516 миллион теңге бөлінген. Бұл қаражат автодром мен мамандандырылған АвтоХҚО құрылысын жүргізуге бағытталған. Қазіргі таңда жұмыстың шамамен 35 пайызы ғана орындалған. Тұрғындар уәденің орындалып, нысанның тез арада қолданысқа берілуін сұрайды.

Алтынгүл Төлегенова, Ұлытау облысы

Оқи отырыңыз: Алматы облысының 70-тен астам заңсыз құрылыс нысанын анықталды