Өңірде 170-ке жуық киберқылмыс жағдайы анықталды
Ұлытау облысында 170-ке жуық киберқылмыс жағдайы анықталды. Өңірде жыл басынан бері желідегі алаяқтардан халыққа 391 млн теңгеден аса залал келтірілген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жезқазғандық зейнеткер Елена Осипова алаяқтардың құрығына түскенін аңдамай қалған. Әккі алаяқтар әжейді бірнеше рет арбауға тырысқан. Алғашында «Қазақтелеком» қызметкерімін деп таныстырған олар байланыс желісінде ақау барын айтып, смс-код сұраған. Бірақ бұл қадам айлакерлердің діттегенін орындауға жеткіліксіз болған. Содан олар есепшотына қателесіп ақша жіберіп қойғанын айтып, қайтаруды сұрапты. Араға бірер күн салып, тағы біреулер пәтерін нотариус арқылы өз атына рәсімдеуге әрекет жасап жатқаны туралы жалған ақпарат таратқан. Жағдайды байқаған зейнеткердің танысы бірден полицияға хабар берген.
«Зейнеткерлер мұқият болыңыздаршы, алаяқтарға алданбаңыздар. Мен бір емес, екі рет алаяқтардың құрығына іліне жаздадым. Бағыма қарай олар ақшамды алып үлгермеді. Полиция қызметкерлерінің дер кезінде әрекет етіп, сұмдықтан аман алып қалды», – деді Жезқазған қаласының тұрғыны Елена Осипова.
Ресми мәліметке сүйкенсе, биыл республика бойынша 16 мыңнан астам алаяқтық фактісі тіркелген. Оның ішінде Ұлытау облысында 168 жағдай анықталған. Жалпы жыл басынан бері келтірілген залал 391 млннан асып тұр.
«Ұлытау облысы бойынша 168 факт тіркелді. Оның 17-сі бойынша қылмыстық істер сотқа жолданды. Қазіргі таңда тергеуде 14 факті бар. Сотқа жіберу үшін барлық шаралар қолданылып жатыр. Бұл қылмыспен күресудің бірден бір жолы – профилактика. Қазіргі таңда облыс аумағында 50 мыңнан астам брошюралар таратылды», – деді Ұлытау облысы ПД Киберқылмысқа қарсы күрес бөлімінің бастығы Меруерт Рахымжанова.
Еске салсақ, Жезқазған қаласында алаяқтық жасаған ресейлік азамат ұсталған. Тергеу барысында ол арнайы аппараттың көмегімен төрт күннің ішінде 32 мың адамға қоңырау шалғаны анықталды. Кесірінен 125 азамат зардап шегіпті. Қазір бұл іс Ішкі істер министрлігінің бақылауында.
Алтынгүл Төлегенова, Наргиз Сапарова, Ұлытау облысынан
Оқи отырыңыз: Алматы облысында оқушылар отырған автобус жол апатына ұшырап, екі адам көз жұмды