Университетке есімі беріледі: Төрегелді Шармановтың ұлы Президентке алғыс білдірді

08.07.2026 19:36

Алмаз Шарман Мемлекет басшысына ғылымға көрсеткен қолдауы үшін ризашылығын жеткізді

 

Астана медицина университеті Ұлттық жоғары оқу орны мәртебесін алады. Сонымен қатар білім ордасына белгілі ғалым, академик Төрегелді Шармановтың есімі беріледі. Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті тапсырма берген еді. Медицина саласына білікті мамандар даярлайтын қара шаңырақты енді үлкен өзгерістер күтіп тұр. Мыңдаған студент пен болашақ дәрігер үшін жаңа мүмкіндіктер ашылмақ, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Жыл сайын мыңдаған ақ халатты маман даярлайтын Астана медицина университеті жаңа оқу жылын Ұлттық университет мәртебесімен бастайды. Енді студенттер оқу орнын осы жаңа мәртебемен тәмамдайды. Бұл жаңалық әсіресе жоғары курс студенттері үшін маңызды. Олардың айтуынша, жаңа мәртебе халықаралық ынтымақтастықты кеңейтіп, білім мен тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді. Ал жоғары оқу орнына белгілі ғалым, академик Төрегелді Шармановтың есімінің берілуі болашақ дәрігерлер мен зерттеушілерге үлкен жауапкершілік жүктейді.

«Университетімізге Төрегелді Шармановтың есімінің берілуі – үлкен мәртебе. Ол нутрициология ғылымының негізін қалаған, денсаулық сақтау саласының дамуына зор үлес қосқан тұлға. Ендігі міндетіміз – осы атқа лайық болу. Ұлттық мәртебе алғаннан кейін шетелдік жоғары оқу орындарымен байланыс орнатуға мүмкіндігіміз артады», — деді студент Хусейн Пашаев.

Төрегелді Шарманов – медицина ғылымына, әсіресе тамақтану саласына елеулі үлес қосқан ғалым. Ол 1978 жылғы Алматы декларациясын әзірлеуге атсалысқан тұлғалардың бірі. Бұл құжат денсаулық сақтау құқығын, оның ішінде алғашқы медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету қағидаттарын айқындады. Ғалымның ұлы әкесінің ғылымға қосқан үлесі мен қоғамдық денсаулық сақтау саласын дамытудағы еңбегін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, тоқырау жылдары академик шетелдік серіктестермен бірлесіп, елге йод пен темір қоспалары қосылған өнімдерді жеткізуге ықпал еткен. Кейін олар халық тұтынатын ұн мен тұзды байытуға пайдаланылды.

«Ең алдымен, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа алғысымды білдіремін. 2022 жылы Мемлекет басшысы әкеме "Қазақстанның Еңбек Ері" атағын берді. Менің ойымша, бұл – лайықты марапат әрі Президенттің ғылымға көрсеткен құрметінің белгісі», — деді Профилактикалық медицина академиясының президенті Алмаз Шарман.

Университет басшылығы жаңа мәртебе үлкен мүмкіндікпен қатар зор жауапкершілік жүктейтінін айтады. Алдағы уақытта оқу орнында жаңа білім беру бағдарламалары енгізіліп, халықаралық серіктестік жобалары кеңейтіледі. Сонымен бірге медицина саласына қажетті ғылыми және педагогикалық кадрларды даярлау жұмыстары да күшейтіледі.

«Бұл біз үшін үлкен жауапкершілік. Қазір университеттің жаңа стратегиялық жоспарын әзірлеп жатырмыз. Басты мақсатымыз – медициналық білім беру, заманауи технологиялар мен ғылымды тоғыстырған жетекші орталыққа айналу», — деді университет ректоры Анар Тұрмұхамбетова.

Бүгінде Астана медицина университетінде әлемнің бірнеше елінен келген 11 мыңға жуық студент білім алады. Ал жыл сайын оқу орнын шамамен 3 мың жас маман тәмамдайды. Енді университет алдында жаңа даму кезеңі мен жаңа белестер тұр.

Олжас Омарбек, Даля Насипова, Нұрлан Өтегенов, Владислав Иващенко, «Алматы» телеарнасы, Астана

Оқи отырыңыз: Мемлекет басшысы АҚШ Конгресінің сенаторын қабылдады