Ұранды елдің – ұрпағы қайсар: Алматыда ұстаздар арасында жарыс өтті

06.01.2025 16:05

Наурызбай ауданындағы №208 мектеп-гимназиясында ұйымдастырылған сайыста 99 мұғалім бақ сынады

«Ұранды елдің – ұрпағы қайсар». Алматыда осындай атаумен ұстаздар арасында жарыс өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Наурызбай ауданындағы №208 мектеп-гимназиясында ұйымдастырылған сайыста 99 мұғалім бақ сынасты. Әскерилендірілген эстафетаға қатысушылар 6 кезең бойынша жарысты. Олар АК-74 автоматын бөлшектеп, қайта жинау, мергендік шеберлігін шыңдау, медициналық көмек көрсету, оқтарды жинау, жалпы қорғаныс жиынтығын және газтұмылдырық кию сияқты тапсырмаларды орындады.

"Жас ұрпақты тәрбиелеуде, патриоттық тәрбие беру, бойыңа сіңіру, Отан алдындағы борышын өтеу – негізгі міндет. Елге, Отанға деген сүйіспеншілікті бойыңа сіңіруде тек бала тәрбиесінде емес, ұстаздардың да салауатты өмір салтын ұстануы, тез жылдам қозғалуға, әрекет жасауға, шынығуға, жылдамдыққа және әртүрлі төтенше жағдайлар орын алған кезде ұстаздардың да, оқушылардың да жаңағы тез жылдам қозғалуға, әрекет жасауға үйрету. Міне сол тұрғыдан келгенде біздің ұстаздарымыздың да дайын болуы керек", – деді Наурызбай аудандық білім бөлімінің басшысы Салтанат Құсайынова.

Әскерилендірілген эстафета ұстаздардың физикалық және психологиялық дайындығын көрсетуге мүмкіндік берді. Қатысушылар әр кезеңде өздерінің шапшаңдығы мен ұқыптылығын, сондай-ақ командалық жұмысқа бейімділігін дәлелдеді.

"Жарыстың мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау және ҚР Қарулы күштерінің имиджін көтеру болып табылады. Жарыста кім жеңсе де, ең батыл, ең жылдам, ең күштілер жеңсін деп тілеймін. Бұл жарысқа мектебіміздің, ауданымыздың намысын қорғап қатысып жатырмыз", – деді №208 мектеп-гимназиясының денешықтыру пәні мұғалімі Динара Әлмешова.

 Оқи отырыңыз: Тышқан қақпаны: Сыр өңірінде сирек кездесетін бұйым табылды