Елімізде шамамен 2,5 миллион ардагер болса, соның басым бөлігі Алматыда тұрады
Алматылық ардагерлер бас қосып, жас буынды отансүйгіштікке тәрбиелеу, ұрпақтар сабақтастығын нығайту, қоғамдық келісім мен ұлттық рухани-адамгершілік құндылықтарды дәріптеу сынды маңызды мәселелерді талқылады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алқалы жиынға «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесінің төрағасы Әбілғазы Құсайынов Астанадан арнайы келіп қатысып, Мемлекет басшысының бірқатар бастамасын іске асыру жөнінде ұсынысын айтты. Оның сөзінше, ардагерлер қауымдастығының алдында аға буынның мүддесін қорғаумен қатар, қоғам өміріне белсенді араласу міндеті тұр.
«Ең басты мәселе — тәжірибелі ардагерлер аз емес, солардың әлеуетін пайдаланып, мемлекетке тәрбие мен тәртіп жағынан көмектесуіміз керек. Аймақтарды аралап, ардагерлердің ұсыныстарын жинақтап, арнайы жинақ шығарамыз. Алдағы уақытта әріптестеріміз сол кітапшалар арқылы жұмысты жүйелі түрде жалғастырады деп ойлаймын», – деді «Ардагерлер ұйымы» РҚБ Орталық кеңесінің төрағасы Әбілғазы Құсайынов.
Елімізде шамамен 2,5 миллион ардагер болса, соның басым бөлігі Алматыда тұрады. Қала әкімдігі өкілдерінің айтуынша, қарттарға жағдай жасап, олардың қоғамға етене араласуы үшін барлық мүмкіндік қарастырылған. Атап өтсек, Ардагерлер кеңесінде жұмыстың 7 негізгі бағыты айқындалды. Оның қатарында аға буынға құрмет көрсету, лудоманиямен күрес, кітап оқу мен білімді насихаттау сынды маңызды бастамалар бар.
«Біздің ардагерлерге мемлекет пен қоғам тарапынан қандай көмек қажет, қандай түйткілдер бар – осының бәрі жан-жақты талқыланып, көптеген құнды ұсыныс айтылды», – деді қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ақан Бижанов.
«Бүгінгі таңда 22 белсенді ұзақ өмір сүру орталығы жұмыс істеп жатыр. Орталықтардың тәжірибесі тек қала көлемінде емес, халықаралық деңгейде де жоғары бағалануда. Мәселен, былтыр 17 мемлекеттен өкілдер келіп, жұмысымызбен танысты. Тіпті осындай белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарының 70-ке жуық басшысы арнайы келіп, тәжірибе алмасып кетті», – деді «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» КММ директоры Сәуле Бекетаева.
Оқи отырыңыз: Алматыда британдық бизнес және ЖОО-мен ынтымақтастықты кеңейту талқыланды