Дәрігерлердің айтуынша, 9 жастағы қыздың жағдайы өте ауыр, 6 жастағы ұлдың да жарақаттары жеңіл емес, қос аяғының сүйегі сынған
Абай облысынан Астанаға жеткізілген балалардың жағдайы әлі де ауыр. Сондықтан дәрігерлер оларды операцияға дайындай алмай отыр. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Абай облысынан жеткізілген екі бала қазір №2 ауруханада дәрігерлердің бақылауында жатыр. Бүгін Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова олардың жағдайымен танысты. Сонымен қатар ата-аналарымен кездесіп, оларға қолдау көрсетіп, барлық қажетті көмек көрсетілетінін айтты.
«Бүгін балалардың қасына барып, аналарымен сөйлестім. Үлкен қыздың жағдайы өте ауыр деп бағаланып отыр. Дегенмен, тасымалдаудан кейін жағдайы аздап тұрақталған сияқты. Ал 6 жастағы ұл бала есін біледі. Оны анасымен бірге палатаға ауыстырамыз. Бірақ оған әлі де ота қажет болады, себебі аяғының сүйегі сынған», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.
Денсаулық сақтау министрі балаларға әлі ота жасалмағанын атап өтті. Олардың жағдайы тым ауыр болғандықтан, дәрігерлер әзірге күрделі операцияға кірісе алмай отыр.
«Ота әзірге жасалған жоқ. Дәрігерлердің қазіргі мақсаты – балалардың жағдайын тұрақтандыру. Операция тек ісік басылып, ағза дайын болған кезде ғана жасалады. Бұл отаның сәтті өтуіне септеседі», – деді Ақмарал Әлназарова.
Дәрігерлердің айтуынша, 9 жастағы қыздың жағдайы өте ауыр. Ол жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. 6 жастағы ұлдың да жарақаттары жеңіл емес, қос аяғының сүйегі сынған. Мамандар алдағы күндері қосымша тексерулер жүргізіп, содан кейін ғана емдеу тәсілін анықтамақ.
«9 жастағы қыз балада басының жабық жарақаты, басының шаш бөлігінің бірнеше жерінің жарасы және травматикалық шок, иек сүйегінің сынуы диагноздармен жеткізілді. Қазір қыз баланың жағдайы өте ауыр деп бағаланып отыр. Ұл баланың диагнозы денесінің бірнеше аумағының ауыр жарақаты, аяқтарының екі аяғыныңда сүйектерінің сынуы және травматикалық шоктың 1-2- дәрежесі деген диагнозбен келіп түсті», – деді № 2 Көпбейінді қалалық балалар ауруханасы медициналық бөлім жөніндегі директорының орынбасары Динат Қожекенов.
Еске сала кетейік, 2 күн бұрын Абай облысының Үржар ауданына қарасты Бестерек ауылында 55 жастағы жүргізуші 6 баланы қағып кеткен. Қайғылы жағдайдан 3 бала көз жұмып, қалған үшеуі ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілген. Олардың екеуі кеше санавиация арқылы Астанаға тасымалданған.
Мәди Бижан, Данияр Омар, Астана
Оқи отырыңыз: Үржардағы қайғылы оқиға: екі баланың жағдайы әлі де ауыр