Үш адамның өмірін қиған жол апаты: Түркістан облысында сот үкімі шықты
Қайғыдан қан жұтқан жәбірленуші тарап бұл шешімге қарсы
Түркістан облысында 3 бірдей адамның өмірін жалмаған жол апатына қатысты сот үкімі шықты. Аулада бейқам отырған адамдарды мас күйде қағып, 30 жастағы келіншек пен екі бүлдіршіннің ажалына себепкер болған әйелді судья 9 жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қаралы оқиға 6 маусымда болған. Ішімдікке сылқия тойып алып көлікке отырған 52 жастағы әйел жер үйдің қоршауын тас-талқан еткен еді. Сөйтіп есік алдында отырған 6 адамды басып кеткен. Қаза тапқандардың бірі - 30 жастағы балабақша тәрбиешісі. Ол жүкті болған. Бүгін сот осы іске қатысты үкім шығарды.
«Сотталушы Бибінұр Ізбасарова ҚР Қылмыстық кодексінің 345/4-бөлігімен көрсетілген қылмысты жасағаны үшін, кінәлі деп танылсын. Оған осы баппен өмір бойына көлік жүргізу құқығынан айыра отырып, 9 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын», – деді Түркістан облысы Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Марат Күздеубаев.
Алайда қара жамылған отбасы сот шешімін жеңіл деп санайды. Үш бірдей жаннан айырылған жәбірленушілер сотталушыға барынша қатаң жаза тағайындалуын сұраған еді. Олар үкіммен келіспейтінін айтып, апелляциялық шағым түсірмек.
«Үш адамға тоғыз жыл деген не? Ол аман-есен жүр. 12 жастағы бала деген не? Менің 4 жастағы балам жылағанда қан қысымым көтеріледі. Әділеттілік қайда? Біз келіспейміз», – деді жәбірленуші Ағайша Манатова.
Сот шешімімен сотталушы «Көлік құралдарын мас күйінде басқару» және «Жол-көлік оқиғасы болған жерден кетіп қалу» баптары бойынша кінәлі деп танылды. Бірақ жазаны өтеу мерзімі 12 жастағы баласының болуына байланысты 1 жылға кейінге қалдырылды.
Нұркен Әкімхан, Түркістаннан
Оқи отырыңыз: Астанада жиһаз жасаймыз деп жұртты алдаған екі алаяқ сотталды