Алматыда нейрохирургтер күрделі диагноздарды емдеу тәсілдерін талқылады

Жиында эпилепсияны емдеудің заманауи тәсілдері талқыланды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Нейрохирургияда бір диагноз әр науқаста әртүрлі емдеу тәсілін қажет етуі мүмкін. Сондықтан күрделі жағдайларда дұрыс хирургиялық тактика таңдау мен заманауи технологияларды қолданудың маңызы зор. Алматыда өткен қалалық нейрохирургтер қауымының отырысында мамандар осындай мәселелерді талқылап, өз тәжірибесін бөлісті, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Жиында эпилепсияны емдеудің заманауи тәсілдері, сирек кездесетін нейрофиброматоз және мидың зақымдануы кезінде хирургиялық араласу мүмкіндіктері қарастырылды.

«Мұны не үшін жасап жатырмыз? Біріншіден, біліктілігімізді арттыру үшін қажет. Мұнда қызықты клиникалық жағдайларды талқылаймыз. Әріптестеріміз тәжірибені өз клиникаларында енгізе алады. Сондай-ақ жаңа инновациялық технологиялар талқыланып, оларды іс жүзінде пайдалану мүмкіндіктері қарастырылады. Бұдан бөлек, нейрохирургия саласындағы еңбек жолын енді бастап жатқан жас мамандардың да пікірін тыңдаймыз», – деді № 2 балалар қалалық клиникалық ауруханасының директоры Марат Рабандияров.

Мамандардың жіті назарында бірінші типті нейрофиброматоз болды. Бұл – жүйке жүйесі мен ағзаның басқа да бөліктеріне әсер етуі мүмкін генетикалық ауру. Диагноздың белгілері әр адамда әртүрлі көрінетіндіктен, пациентті тұрақты бақылау және оның жағдайына қарай емдеу тактикасын таңдау маңызды. Отырыста осы аурумен ауыратын науқастарды жүргізу ерекшеліктері талқыланып, клиникалық тәжірибедегі нақты жағдайлар қарастырылды.

«Нейрофиброматоз бүгінгі күнде өзекті мәселелердің қатарына енеді. Өйткені ол туған баладан бастап, үлкен жастағы науқастарда да кездесуі мүмкін. Ерекшелігі 15-40 жас аралығында оның малигнизацияға ұшырауы, яғни, ісіктенуі. Бүгінгі күнде бұл мәселеге тағы да бір көңіл аудартып отырғаны — хирургиялық емінен басқа, таргентік терапияның болуы», – деді  С. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ жүйке аурулар кафедрасының профессоры Роза Нұржанова.

Оқи отырыңыз: Ақтөбе облысының мектептерінде неше стоматологиялық кабинет ашылады