«Үш ағайынды» шыңын бағындырмақ болған жасөспірім жардан құлап кетті

18.07.2025 15:25

Жараланған бозбала тікұшақпен балалар клиникалық ауруханасына жеткізілді

Алматы тауларында жасөспірім 15 метрлік жардан құлап, ауыр жарақат алды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Кеше кешке «Үш ағайынды» шыңын бағындырмақ болған 17 жастағы үш бозбала жолда адасып кеткен. Алматы қалалық құтқару қызметінің 109 желісі мәлім еткендей,  сағат 16:50 шамасында жасөспірімнің бірі жардан түсіп бара жатып шалынып, биіктен құлап, ес-түссіз жатқаны жайлы хабар түскен. Ал 19:55-те мамандар балаларды Терешкова шыңының маңынан тапқан. Жараланған бозбала тікұшақпен балалар клиникалық ауруханасына жеткізілді. Дәрігерлер тиісті ем көрсетіп, оны амбулаторлық емге жіберді.

 «Сол жерде 6-7 сағат жұмыс істедік. Бала қимылсыз жатты, қолы, аяңы сынған. 15 метр жардан құлап кеткен. Жедел түрде тікұшақ шақырып, больницаға жеткізілді. Ешқандай дайындықсыз тауды білмейтін адамдар шығады. Демалысқа шыққалы жасөсіпірімдер көбейіп жатыр», – деді құтқарушы Ринат Жанғожаев.

Оқи отырыңыз: Дәрігерді соққыға жыққан: Қарағандыда қылмыстық іс қозғалды