Алматыдағы №12 мектеп-гимназиясында ерекше концерттік бағдарлама ұйымдастырылды
5 қазан – жас ұрпақтың болашағына жол сілтеп, қоғамға өлшеусіз үлес қосатын мұғалімдердің төл мерекесі. Осыған орай, Алматыдағы №12 мектеп-гимназиясында ерекше концерттік бағдарлама ұйымдастырылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Іс-шара аясында оқушылар салаға еңбегі сіңген, талай жыл білім ордасында қызмет еткен ардагер ұстаздармен кездесіп, сыр-сұхбат жүргізді. Мектепте жақында ғана ашылған шағын театрдың жас әртістері «Ұстазыма рақмет» атты алғашқы қойылымын көпшілік назарына ұсынды. Сондай-ақ айтулы күн қарсаңында гимназия мұғалімдері жазып шыққан жаңа мектеп әнұранының тұсауы кесілді.
Атап өтейік, биыл ұстаздар мерекесіне орай қалада бір апта бойы түрлі форматта кездесулер ұйымдастырылып жатыр.
«Биыл ұстаздар мерекесі қалада ерекше тойланып жатыр. Бір апта бойы қала мектептерінде Алматы қаласы Білім басқармасының қолдауымен түрлі іс-шаралар өтіп жатыр. «Ұстазыма алғысым шексіз» челленджі, «Ұстаздар династиясы» сынды іс-шаралар өтіп жатыр», – деді № 12 мектеп-гимназия директорының міндетін атқарушы Лариса Жетпісбаева.
Оқи отырыңыз: Өнертапқыштар әлемі: Алматы облысында оқушылар қажеттілігі бар оқушыға қол протезін жасады