Әзірге қаза болғандар мен зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ
Ақмола облысында Астана-Щучинск тасжолында жаппай жол апаты болды, онда шамамен 40 автокөлік соқтығысқан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Kazinform-ға сілтеме жасап.
Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, жол апаты 3 қаңтар күні сағат 13:30-да Біржан сал ауданының Қоғам және Қаратал ауылдарының арасында болған.
– Ауа райының нашарлауына байланысты (боран, көрінудің шектелуі) алдын ала мәлімет бойынша шамамен 40 көлік соқтығысқан. Әзірге қаза болғандар мен зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ. Оқиға орнында полиция және төтенше жағдайлар қызметінің мамандары жұмыс істеп жатыр. Көліктерді эвакуациялау және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары жүргізілуде, – деп хабарлады ведомство.
Бұған дейін төтенше қызметтер өңірде ауа райының нашарлауына байланысты барлық жүргізушілерге, әсіресе қала сыртындағы жолдарда, сапарлардан бас тартуды ұсынған болатын.
– Жүргізушілерді ауа райы жағдайларын ескеруге, жолда өте сақ болуға және жағдай жақсарғанша осы бағытта жүруден бас тартуға шақырамыз, – деп мәлімдеді полиция.
Айта кетейік, ауа райының бұзылуына байланысты бірнеше республикалық автожолдарда көлік қозғалысына шектеу қойылды.
Оқи отырыңыз: Көппәтерлі тұрғын үйден өрт шығып, 42 адам құтқарылды