Ақмола облысында жоғалған зейнеткер аман-есен табылды

27.04.2026 11:20

Ол мал іздеп жүріп адасып кеткен

Depositphotos

Ақмола облысында іздестіру операциясы сәтті аяқталды: Шортанды ауданында мал іздеуге шығып, хабар-ошарсыз кеткен 80 жастағы қария табылды, деп хабарлайды Almaty.tv Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап.

Оқиға 26 сәуір күні болған. Ер адам далаға шығып, жақындарымен байланыс үзілген. Кейіннен зейнеткер ауылдастарына қоңырау шалып, көлігінің батпаққа батып қалғанын және өз бетінше шыға алмайтынын хабарлаған.

Іздестіру жұмыстарына Шортанды және Ақкөл аудандарының Төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері дереу аттанды. Құтқару операциясы кезінде жоғары өтімді техника қолданылды. Құтқарушылардың жедел әрекетінің нәтижесінде қария Еңбек және Егемен ауылдарының арасынан табылды. ТЖМ мәліметінше, қазіргі уақытта зейнеткердің өмірі мен денсаулығына ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ.