Қара риелторлар: Алматыда басты 3 күдікті кінәсін мойындады

29.11.2024 20:44

Алматыда психикалық науқастар мен жалғызбасты жандарды құрыққа түсірген қылмыстық топқа қатысты сот жалғасып жатыр

Алматыда психикалық науқастар мен жалғызбасты жандарды құрыққа түсіріп, өлтіріп, пәтерлерін иемденіп, артынша оны арзанға сатқан қылмыстық топқа қатысты сот жалғасып жатыр. Қоғамды дүр сілкіндірген қара риелторлардың ісі бойынша 22 адам айыпталып отыр. Бүгінгі отырыста 3 бірдей басты күдікті сот алдында өз кінәсін мойындады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бүгін қылмыстық істерді қарайтын мамандандырылған ауданаралық сотта дүйім жұрттың жағасын ұстатқан қылмыстық істің жаңа деректері ашылды. Бірнеше эпизодта жалған құжаттарды жасап, пәтер сатуды рәсімдеген сотталушы, нотариус Гүлнәр Миятова тағылған айыптың бәрін мойындады. Айтуынша, бұл әрекетке оны танысы Рашид Семятов итермелеген. Ер кісі бос тұрған, иесіз пәтерлерді тауып, оны өз атына қалай аударуға болатынын сұрау арқылы нотариуспен ұйымдасып істеген көрінеді. Түскен қаржыны пәтерлердің коммуналдық ақысын өтегеннен кейін өзара бөлісіп келген.

"Бәрін мойындаймын, құжаттарды қолдан жасадым. Рәсімдеп, бос қалған пәтерлерді үшінші тұлғаларға аудардым. Рашид маған тек адамдар туралы ақпаратты беріп, құжаттарды алып келіп жүрді, кейбірінің түпнұсқадағы қағаздары болды. Мен кінәмді толық мойындаймын", – деді айыпталушы Гүлнәр Миятова

Екі айыпталушы да өз әрекеттері үшін жауапкершілікті толық сезінгенін мойындады. Алайда олар ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысы жоқ екенін мәлімдеді.

"Миятова мен және Попов түскен ақшаны бөліп алатынбыз. Қалған айыпталушыларды танымаймын. Мен басында нотариус Миятованы әр жерге жеткізіп тастайтынмын. Сосын сөзден сөз шығып, бос тұрған пәтерлерді қалай рәсімдеуге болады деп сұрай бастадым. Менің жұмысым – тек құжат пен ақпарат әкелу", – деді айыпталушы Рашид Семятов.

Мемлекеттік айыптаушылардың деректері бойынша, ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшелері Психикалық сауықтыру орталығынан бір науқасты ұрлап, оны қамауда ұстаған. Әйелдің сырқатын пайдаланып, айыпталушылар Татьяна Грушинаның атына жалған сенімхат рәсімдеген. Бүгін ол да сотта өз кінәсін мойындады.

Сот процесі барысында екі тарапқа да сұрақтар қойылып, олардың жауаптары тыңдалды.

Айта кету керек, іс бойынша қосымша процессуалдық прокурор тағайындалды. Алайда жәбірленушілердің қорғаушылары жүргізілген тергеуге көңілі толмайтынын жеткізіп, прокуратураға қосымша шағым жіберген.

"Маған Гаппарова хабарласып, саған бір таныс апа өз пәтерін аударып, сол арқылы тезірек пәтерін сатпақшы деп көмек сұрады. Сол кезде оған тәуелді болғандықтан, келістім. Бұл істе мен ешқандай шешім қабылдамадым, олар бөлек бөлмеде бәрін талқылайтын. Ал мен жай ғана құжатымды беріп қойдым", – деді айыпталушы Татьяна Грушина.

"Бүгін айыпталушылар өз кінәсін мойындады. Дегенімен біздің эпизод бойынша тергеу әрекеттері дұрыс жүргізілмеген. Мен тіпті прокуротураға шағым жаздым, оны Полиция департаментіне қайта қарауға жіберді. Барлық куәгерлерден жауап алынбай іс сотқа жіберілген", – деді жәбірленуші тараптың қорғаушысы Мара Аронова.

Бүгінгі кезекті сот процесінде шақырылған куәгерлердің кейбірі отырысқа келмей, сот тәртібін бұзды. Судья ендігіде оларды мәжбүрлі түрде қатыстыратынын мәлімдеді.

Әйкерім Пернебек, Ернат Болатбек

Оқи отырыңыз: Өрт сөндіруге атсалыспады: Қарағанды облысындағы ауыл әкімдігіне айыппұл салынды