Медеу ауданында құтқарушылар тауда адасқан бойжеткенді аман-есен тапты
Медеу ауданында, Горельник маңында (шамамен 1 900 метр биіктікте) Мониторинг және жедел әрекет ету орталығының құтқарушылары тауға көтеріліп, кері қайтар жолды өздігінен таба алмаған 2006 жылы туған бойжеткенді іздеуге шықты, - деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі 112 қызметіне сілтеме жасап.
Апасының айтуынша, бойжеткенмен байланыс үзілген. Оның соңғы болған жерінің координаталарын туысы берген.
Іздестіру-құтқару жұмыстары барысында құтқарушылар бойжеткенді тауып, оны «Горельник» визит-орталығына дейін аман-есен апарып салды.
Оған медициналық көмек қажет болған жоқ. Үйіне өздігінен қайтты.
«Тауға шыққанда өз күштеріңізді есептеңіздер, қауіпсіз бағытты таңдаңыздар және жарақат алған жағдайда өздігіңізден төмен түсуге тырыспаңыздар. Төтенше жағдайда 112 нөміріне қоңырау шалыңыздар», — деп ескертеді құтқарушылар.
Оқи отырыңыз: Қысқы дөңгелек ауыстыру құны қанша: өңірлердегі баға белгілі болды