Қысқы дөңгелек ауыстыру құны қанша: өңірлердегі баға белгілі болды
Дөңгелек ауыстыру қызметінің құны қалаларға байланысты өзгеріп отырады
Жазғы дөңгелекті қысқы дөңгелекке ауыстыру бағасы қалаға және диаметріне қарай 5 мыңнан басталып, 20 мың теңгеге дейін жетті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Kazinform-ға сілтеме жасап.
Қолда бар деректерге сүйенсек, диаметрі R16 болатын дөңгелекті ауыстыру бағасы 5 мың теңгеден басталып, 14 мың теңгеге дейін жетті. Ал R18 дөңгелегін ауыстыру құны 8 мың теңгеден басталып, 20 мың теңгеге дейін көтерілді. Демек, дөңгелекті ауыстыру қызметінің құны қалаларға байланысты өзгеріп отырады.
Қысқы дөңгелекке ауыстыру қызметі қайда арзан
Диаметрі R16 болатын дөңгелек жиынтығын ауыстыру қызметі Ақтау мен Өскемен қалаларында 5 мың теңгеден басталады. Павлодар, Түркістан мен Таразда 6 мың теңге болса, Шымкентте 7 мың теңге және одан жоғары.
R18 дөңгелегін қысқа дайындау қызметінің бағасы елімізде 8 мың теңгеден басталады. Ақтау мен Түркістанда осы баға тіркелді. Тараз қаласында дөңгелек жиынтығын ауыстыру бағасы - 9 мың теңге, Петропавл, Қызылорда мен Шымкентте - 10 мың теңге.
Қызмет құны қай қалада жоғары
Диаметрі R16 болатын төрт дөңгелекті ауыстыру қызметінің бағасы Орал қаласында - 14 мың теңге. Ары қарай Ақтөбе қаласында 10,6 мың теңге, Қостанайда 10,4 мың теңге, сонымен бірге Астана, Атырау, Көкшетау, Қарағанды мен Жезқазғанда қызмет ақысы - 10 мың теңге.
Ал диаметрі R18 болатын төрт дөңгелекті ауыстыру бағасы Оралда 20 мың теңге. Павлолар мен Талдықорғанда қызмет ақысы - 15 мың теңге. Астана, Көкшетау, Жезқазған мен Семейде 14 мың теңге болса, Қарағанды қаласында диаметрі R18 дөңгелегін 13 мың теңгеге ауыстырып береді.
Дөңгелектің диаметрі бағаға қалай әсер етеді
Елімізде диаметрі R16 дөңгелегіне қарағанда R18 дөңгелегін ауыстыру бағасы жоғары. Баға айырмасы 2 мың теңгеден басталып, 9 мың теңгеге дейін жетеді. Соның ішінде Павлодарда R18-ді 15 мың теңгеге, ал R16-ны 6 мың теңгеге ауыстырады. Талдықорған мен Өскемен қалаларында екеуінің арасындағы айырмашылық 7 мың теңге болып тұр. Алматы мен Қостанай, Астана, Қарағанды, Жезқазған қалаларында баға айырмасы 4 мың теңге болды.
Ақтау, Атырау, Ақтөбе, Орал, Петропавл, Көкшетау, Қызылорда, Түркістан, Шымкент, Тараз және Қонаевта R16 мен R18 арасындағы айырмашылық 2 мың теңгеден басталып, 6 мың теңгеге жетті. Жүргізуші дөңгелек жөндеу орнына бармас бұрын қызмет ақысына не кіретінін сұрап алған дұрыс. Көбі дөңгелекті шешіп алып, қысқыға ауыстырады және дискінің майысқан тұсын түзетіп береді. Баға дискінің түріне, дөңгелектің жағдайына және қосымша жұмысына қарай өзгеруі мүмкін.
Оқи отырыңыз: Ас үйден өрт шықса, алғашқы минуттарда не істеу керек