Алматыда роботтың көмегімен адам миына нейрохирургиялық ота жасалды

Аталған оталар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында барлық науқасқа қолжетімді болады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда алғаш рет роботтың көмегімен адам миына нейрохирургиялық ота жасалды. №7 қалалық клиникалық ауруханасында дәрігерлер ісікті жасанды интеллект енгізілген жүйе арқылы анықтап, асқан дәлдікпен операция жүргізді, деп хабарлайды  Almaty.tv тілшісі.

Мидың ісігін емдеуге қатысқан құлтемір №7 қалалық клиникалық ауруханасына жақындаға ғана әкелінген. Оны меңгеру үшін дәрігерлер Қытайда арнайы оқу курсынан өткен. Алғашқы ота 54 жастағы қала тұрғынына жасалды. Әйелдің миында ісік анықталған. Ақ халаттылар оның бұған дейін онкологиялық ем қабылдап, метастазасының асқынғанын анықтапты. Заманауи технология дәрігерлерге операцияны тез әрі дәлдікпен орындауға жол ашып, асқыну қаупін барынша азайтуға мүмкіндік берді.

 "Әрине, барлық жұмысты хирургтің өзі жасайды. Ал робот бізге қозғалыстарды дәлірек жасауға, траекторияны нақ көрсетуге көмектеседі. Себебі адамның денесіне ота жасағанда қолды ары-бері қозғалтуға болады, ал бас миға операция жүргізгенде мұндайға жол беруге болмайды, артық әрекет қауіпті. Науқасқа қосымша зақым келтірмеу үшін осы робот қолдау береді. Қалай қозғалатынымызды көрсетеді, қателік жібермес үшін жолымызды бағыттайды" - деді № 7 қалалық клиникалық ауруханасының нейрохирургия Алғазиев.

Операцияда роботты қолданудың ерекшелігі  жасанды интеллект деректерді жылдам өңдеуге көмектесіп, ең тиімді шешім таңдауға септеседі. Дәрігерлер ендігіде оны тұрақты негізде қолдануды жоспарлап отыр. Технологияны тіпті бас сүйегін ашуды қажет ететін күрделі операциялар, Паркинсон ауруы, эпилепсия және гематомаларды емдеуді көздейтін ем-шараларына қолдануға болады. 

"Роботтың көмегімен әртүрлі нейро-онкологиялық аурудан басқа, мидың функцияналды бұзылыстарына да байланысты оталар жасалады. Мысалы паркинсон ауруы, қолдың дірілі, мидың қызметтік бұзылыстарына байланысты роботтың көмегімен импланттарды, электроттарды орналастыруға болады", - деді № 7 қалалық клиникалық ауруханасының нейрохирургия Алғазиев. 

Аталған оталар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында барлық науқасқа қолжетімді болады. Роботтандырылған жүйе нейрохирургия саласын жаңа деңгейге көтеріп, озық технологияларды қолдану арқылы күрделі операцияларды науқастар үшін қауіпсіз әрі қолжетімді етпек.
Әйкерім Пернебек, Әмина Үсенова, Ғани Қалуов

Новости партнеров