Құрылыс басталды, құқық қорғалды: Астана прокуратурасы инвесторларды қолдаудың тиімділігін дәлелдеді

19.05.2026 10:00

Инвесторға құрылыс-монтаж жұмыстарына рұқсат берілді

Depositphotos

Астана қаласының прокуратурасы Инвесторлардың құқықтарын қорғау жөніндегі комитеттің үйлестіруімен компанияның жаңа цех құрылысына қатысты заңды құқықтарын қорғап қалды. Кәсіпкерлікке тұсау болған әкімшілік кедергілер жойылып, елорда экономикасына құйылатын 20 миллион АҚШ доллары көлеміндегі шетелдік инвестиция сәтті игеріле бастады, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Аталған компания қазақстандық нарықта 2008 жылдан бері тұрақты жұмыс істеп келеді. Олар жүк техникаларына сервистік қызмет көрсету және жөндеу бағытында маманданған. Шетелдік капитал есебінен салынып жатқан жаңа өндірістік нысан іске қосылған жағдайда қала тұрғындары үшін 50 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады деп жоспарланған.

Алайда, инвестор мемлекеттік сараптамадан өту кезінде күтпеген кедергілерге тап болған: жобаны мақұлдау үшін су қорғау белдеуінің шекараларын жылжыту талап етілген. Бұған қоса, құзырлы органдар компанияға құрылыс-монтаж жұмыстарын (ҚМЖ) бастауға рұқсат беруден бірнеше рет бас тартқан.

Осыған байланысты қалалық прокуратура жауапты мемлекеттік органдардың қатысуымен шұғыл кеңес өткізді.

«Қабылданған қадағалау шараларының нәтижесінде Астана қаласының әкімдігі су қорғау белдеуінің шекараларын көшіру туралы ресми қаулы қабылдады. Сондай-ақ, инвесторға құрылыс-монтаж жұмыстарын бастауға рұқсат беретін талон табысталды. Қазіргі уақытта инвестордың құқықтары толық қорғалып, цехтың құрылысы басталып кетті», — деп мәлімдеді Астана қаласы прокуратурасының баспасөз қызметі.

Оқи отырыңыз: Бітімгерлердің үшінші құрамы Голан жоталарына аттанды