Бүгін шаһар жұртшылығына 3 тілде ақпарат жазылған бірдей хабарлама келіп түсті
Алматыда Mass Alert жүйесі сынақтан өткізілді. Бұған дейін жоба қызметі Android операциялық бағдарламасының негізінде жұмыс істейтін құрылғыларда тексерілген болатын. Ал осы жолы жүйе жұмысы iOS-18-ге негізделген ұялы телефондарда пысықталды. Сондай-ақ сейсмикалық оқу-жаттығу жиыны ұйымдастырылып, қаладағы құтқару қызметінің төтенше жағдайларға қаншалықты дайын екені де тексерілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Сағат таңғы 10.00-де Алматы жұртшылығына 3 тілде ақпарат жазылған бірдей хабарлама келіп түсті. Хатта жүйенің тексеріліп жатқаны жазылған. Нақтырақ айтқанда, Mass Alert жобасының мүмкіндігі зерттеліпті. Себебі, төтенше жағдай болған кезде, жер сілкінісі тіркелсе, бұл жүйе тұрғындарға жедел хабар бере алатындай деңгейде жұмыс істеуі қажет.
Бүгін қала тұрғындарының ұялы телефонына Mass Alert хабарламасы келген соң, Алматының құтқару қызметі құрылыс алаңына аттанды. Олар шартты түрде 9 балдық жер сілкінісінің салдарымен күрестің қалай жүретінін көрсетті. Мәселен, біз тұрған 7-қабаттан сала мамандары зардап шеккен бірнеше азаматты алып шықты. Іс-әрекетті кезең-кезеңімен әрі шапшаң орындаған олар тұрғындарды осылайша аман алып қалды.
Дабыл қағылып, ескерту жасалған сәтте жұмысқа кіріскен құтқарушылар көпқабатты үйде тұтанған жалынды да сөндіріп, үйінді астында қалғандарға жәрдем берді. Адамдарды кезек-кезек көлікке тиеп, оқиға орнынан жылдам әкетіп жатты.
«Сонымен қатар тәжірибелік іс-шаралар басқа да 11 учаскеде орындалды. Оның біреуі Алатау төтенше жағдай министрлігінің оңтүстік базасында зардап шеккен халыққа арналған екі мың лагерь құрылды. Сонымен қатар операциялар жүргізу үшін тәулікке дербес жұмыс атқару мақсатында қалалық дала госпиталі орнатылған», - деді ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері Есбол Сұлтанов.
Мамандардың айтуынша, мұндай оқу-жаттығу жиыны жыл сайын ұйымдастырылады. Ондағы мақсат біреу – табиғаттың тосынсыйына дайын болу. Сондай-ақ сала қызметкерлері зілзала болған сәтте дүрбелеңге салынбау керек екенін айтып, қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтаудың маңыздылығын түсіндірді. Ал жер сілкінгенде үйде қалсаңыз, не істеу керек? Сауалға мамандар былай жауап берді.
«Мұны пәтераралық қабырға дейді. Арғы жағында басқа пәтер, арасында темір-бетонды қабырға бар. Оның ені 400 милиметр болады. Сол жер қауіпсіз болады. Пәтер иелері сыртқы қабырғаларын біледі ғой, сол жер көтергіш қабырға саналады», - деді құрылыс компаниясының өкілі Ғалым Бектембаев.
Бүгін Алматыда өткен оқу-жаттығу жиындарына жалпы саны 1000 адам мен 150 техника жұмылдырылған. Ал Түрксіб ауданындағы «Алатау» базасында зардап шеккен 2000-ға жуық адамға көмек беру үшін жылжымалы госпиталь құрылыпты.
Ал егер расымен төтенше жағдай тіркелген болса, үрейге бой алдырмаңыз. Себебі, қаладағы үйлердің көпшілігінде 23 мыңнан аса ақпараттық тақтайша ілінген. Алдымен ондағы QR-кодты сканерлеп аламыз, кейін картасы бар 3 қосымша ұялы телефоныңызға шығады. Соның біреуін таңдап, қалада орналасқан қабылдау пункттеріне бара аласыз. Ал олардың саны 400-ге жуықтайды.
Рүстем Айткәрім, Әлишер Ерғалиұлы, Almaty TV
Оқи отырыңыз: Қызылорда облысында тұрғындар дариядан өтетін көпір құрылысын аяқтауды талап етеді