Ақ халаттылар додасы: «Мамандықтың үздігі – 2026» байқауы мәресіне таяды

Depositphotos
Depositphotos

Медицина қызметкерлері күніне орай Денсаулық сақтау министрлігі үздік мамандарды марапаттайды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі дәстүрлі «Мамандықтың үздігі – 2026» республикалық байқауының қорытындысын шығарады. Ақ халатты абзал жандар арасындағы бұл білім мен біліктілік бәйгесі үздік медицина және фармация мамандарын анықтауды көздейді, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Қазіргі уақытта байқаудың ең жауапты кезеңі — республикалық деңгейдегі іріктеу жүріп жатыр. Денсаулық сақтау министрлігінің арнайы конкурстық комиссиясы өңірлік кезеңде оқ бойы озық шыққан үміткерлердің құжаттарын саралауда. Жалпы бекітілген 17 номинация бойынша бас жүлдегерлерге 500 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде ақшалай сыйақы табысталады.

Үздіктерді анықтау ауқымы өте кең. Олардың қатарында «Үздік стационар дәрігері», «Үздік ауыл дәрігері», «Үздік жедел жәрдем дәрігері», сондай-ақ үздік акушерлер, мейіргерлер, фельдшерлер, медициналық ЖОО мен колледж оқытушылары, ғалымдар мен провизорлар бар. Бұл шара медицина саласының мәртебесін көтеруге және мамандардың кәсіби шеберлігін арттыруға бағытталған.

Айта кету керек, соңғы жылдары елімізде медицина қызметкерлерін әлеуметтік қолдау шаралары айтарлықтай күшейтілді. Мемлекет басшысының 2024 жылғы сәуірдегі тапсырмасы аясында қабылданған заңның шарапатын былтыр, яғни 2025 жылдың қорытындысы бойынша аймақтарға жұмысқа барған 1760 дәрігер көрді. Соның ішінде кадр тапшылығы сезілген мамандықтар бойынша еңбек ететін 529 дәрігерге 8,5 миллион теңге көлемінде біржолғы төлем берілді.

Бұдан бөлек, соңғы екі жылда Мемлекет басшысының бастамасымен саланың нағыз майталмандарына «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» құрметті атағы беріле бастады. Қаржылық қолдау көлемі де еселеп артты: егер 2024 жылы бұл бағытқа 2,2 миллиард теңге бөлінсе, өткен жылы мемлекеттік қолдаудың жалпы көлемі алғаш рет 4,5 миллиард теңгеден асып жығылды.

Оқи отырыңыз: Алматыда жаңа форматтағы емхана салынады

Новости партнеров