Тінту шаралары тоғыз мекенжай бойынша жүргізілді
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Украинаның Ұлттық полициясымен бірлесіп және екі елдің Бас прокуратураларының өзара іс-қимылымен трансұлттық қылмыстық топтар пайдаланатын call-орталықтардың ұйымдастырушылары мен қатысушыларының жолын кесу және анықтау бойынша кешенді жедел-тергеу шараларын жүргізді, - деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
«28 мамырда Киев қаласында бірлескен операция аясында Еуропа және ТМД елдерінің аумағында синтетикалық есірткі өндірумен және өткізумен айналысқан трансұлттық қылмыстық ұйымдардың біріне бағынышты колл-орталықтардың қызметі тоқтатылды», - деді ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Елдар Әбдікенов.
Бұл колл-орталықтар есірткі заттарының заңсыз айналымына байланысты құқыққа қайшы әрекеттерге азаматтарды тарту (вербовка жасау) үшін пайдаланылғаны анықталды. Ұйымдастырушылардың нұсқауы бойынша операторлар мен менеджерлер Қазақстан Республикасының аумағында есірткіні жасырын қоюшы (закладчик) және буып-түюші (фасовщик) ретінде жұмыс істейтін адамдарды іздестірумен, іріктеумен және тартумен айналысқан.
«Жүргізілген іс-шаралардың нәтижесінде 11 адам ұсталды. Қылмыстық схеманың әрбір қатысушысының, соның ішінде ұйымдастырушылардың, аға операторлардың және әлеуетті орындаушыларды тартумен тікелей айналысқан кеңсе қызметкерлерінің рөлі анықталды», - деді спикер.
Тінту шаралары тоғыз мекенжай бойынша жүргізілді. Шамамен 40 мың АҚШ доллары және 10 мың еуро көлеміндегі ақшалай қаражат, автокөлік, 18 ұялы телефон, 12 ноутбук пен планшет тәркіленді.
«Қазіргі уақытта тәркіленген компьютерлік техникадан ақпаратты алу және талдау жұмыстары жүргізілуде, қылмыстық әрекетті ұйымдастырушылардың аккаунттары анықталып жатыр, сондай-ақ параллельді түрде қаржылық тергеу жүріп жатыр», - деді Елдар Әбдікенов.
Аталған call-орталықтарды жою Қазақстан азаматтарының есірткінің заңсыз айналымына байланысты қылмыстық әрекеттерге тартылуын айтарлықтай төмендетуге, сондай-ақ халықаралық есірткі бизнесін ұйымдастырушыларды анықтап, жауапкершілікке тартуға мүмкіндік береді.
Оқи отырыңыз: СҚО-да интернет-алаяқтар зейнеткердің 7 млн теңгесін иемденіп кеткен