Сонымен қатар егіс алқаптарының құрылымын кезең-кезеңімен оңтайландыру жұмыстары жалғасуда
Мемлекет басшысының азық-түлік қауіпсіздігін нығайту және агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында Қазақстанда 2026 жылғы егіс науқаны аяқталды. Көктемгі егіс жұмыстары еліміздің барлық өңірінде белгіленген агротехникалық мерзімде жүргізілді, - деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Науқанның уақтылы жүргізілуіне Үкімет іске асырған мемлекеттік қолдау шараларының кешені септігін тигізді. Аграршыларды қажетті материалдық-техникалық ресурстармен қамтамасыз етуге, егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыруға, су үнемдеу технологияларын енгізуге, ауыл шаруашылығы техникасын жаңартуға және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің жеңілдікті қаржыландыруға қолжетімділігін кеңейтуге ерекше назар аударылды.
Қабылданған шаралар дала жұмыстарын тұрақты жүргізуді қамтамасыз етуге және аграрлық өндірістің тиімділігін арттыру үшін қосымша жағдайлар жасауға мүмкіндік берді. Қазақстандағы жалпы егіс алқабы ағымдағы маусымда 23,8 млн гектарды құрады, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 180 мың гектарға артық. Барлық өңірлерде жаппай егіс жұмыстары басталмас бұрын топырақты дайындау бойынша міндетті агротехникалық жұмыстар кешені жүргізілді: ылғал жабу, егіс алдындағы өңдеу және көктемгі жырту.
Ауыл шаруашылығы дақылдары бөлінісінде жүргізілген егіс жұмыстарының құрылымы төмендегідей:
дәнді дақылдар – 14,6 млн га;
майлы дақылдар – 4,2 млн га;
мал азығы дақылдары – 1,2 млн га;
мақта – 166 мың га;
көкөніс дақылдары – 120 мың га;
картоп – 126 мың га;
бақша дақылдары – 84 мың га;
қант қызылшасы – 22 мың га.
Президенттің тапсырмаларына сәйкес, биылғы егіс науқанында жоғары рентабельді және стратегиялық маңызды дақылдарға басымдық берілді. Нәтижесінде майлы дақылдардың алаңы 74 мың гектарға кеңейіп, 4 млн гектардан асады, ал мал азығы дақылдарына 3,3 млн гектардан астам жер бөлінді, бұл 237 мың гектарға өскенін көрсетеді.
Сонымен қатар егіс алқаптарының құрылымын кезең-кезеңімен оңтайландыру жұмыстары жалғасуда. Бидай алқабы 12,1 млн гектарға дойін қысқартылды, бұл өткен жылғы деңгейден 125 мың гектарға аз. Төмендету бағытындағы түзетулер жүгері егістігіне де әсер етті.
Еліміздің оңтүстік өңірлеріне ерекше назар аударылды, онда көп суды қажет ететін дақылдар алқаптарын жүйелі оңтайландыру жүргізілді. Егіс құрылымы су пайдалану лимиттері мен нақты су теңгерімі ескеріле отырып бекітілді:
республика бойынша күріш алқабы 20,6 мың гектарға қысқартылды;
мақта шаруашылығында су үнемдеу технологияларына көшу күшейтілді: суарудың дәстүрлі әдістерін 12 мың гектарға қысқарту есебінен тамшылатып суарылатын мақта алқаптары 29,8 мың гектарға ұлғайтылды.
Үкімет фермерлер үшін жанар-жағармай материалдарының (ЖЖМ) құнын ұстап тұру бойынша шаралар қабылдады: операторлық шығындарды ескере отырып, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін жеңілдікті дизель отынының түпкілікті бағасы литріне 281 теңге деңгейінде бекітілді. Бұл – бөлшек сауда бағасы литріне 330 теңгені құрайтын еліміздің жанармай құю станцияларындағы орташа нарықтық құнынан 15%-ға төмен.
Бекітілген тиеу кестесі аясында жалпы жоспар 402,3 мың тонна болса, аграршылар қазірдің өзінде 324,8 мың тоннаға шарт жасасып, ақысын төледі, бұл жалпы жоспардың 81%-ын құрайды. Нақты өңірлерге 300,9 мың тонна немесе арзандатылған отынның жалпы көлемінің 75%-ы тиеліп, жеткізілді.
Оқи отырыңыз: Алматыда монша кешендеріне арналған экологиялық талаптар талқыланды