Қостанай облысында жыл басынан бері 230 кг есірткі тәркіленді

08.06.2026 17:30

Есірткі заттарын сақтауға қатысты қылмыстар саны 101-ден 61-ге дейін азайды

Polisia.kz

Жыл басынан бері Қостанай облысында заңсыз айналымнан 230 келі есірткі заты тәркіленіп, 180 есірткі сайты мен 100 граффити-жазу жойылды, сондай-ақ 2,9 мың банктік шот бұғатталды, - деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі өңір прокуратурасына сілтеме жасап.

Қылмыстық қудалау аясында сот екінші деңгейлі банктердегі жалпы сомасы 194 млн теңге болатын ақшалай қаражатқа тыйым салды. 33 адам қылмыстық жауаптылыққа тартылды, оның ішінде есірткі заттарын өткізгені үшін – 13, ал оны жарнамалағаны үшін 2 адам жауапқа тартылды.

Мәселен, үстіміздегі жылдың 20 сәуірінде сот үкімімен Жітіқара қаласының тұрғыны интернет-ресурстар арқылы есірткі заттарын жарнамалағаны және өткізгені үшін кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Сот үкімі заңды күшіне енді.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру және сот талқылауы барысында сотталған азаматшаның телекоммуникация желілері мен онлайн-платформаларды пайдалана отырып, «Telegram» мессенджері арқылы есірткі заттарын сататын интернет-дүкеннің қызметіне белсенді қатысқаны анықталды.

Бұдан бөлек, ол SMM-менеджер қызметін атқарып, есірткі дүкенін ұйымдастырушылардың мүддесі үшін есірткі заттарын тарататын адамдарды іріктеу мақсатында «Telegram» мессенджерінде, сондай-ақ «TikTok» және «Instagram» әлеуметтік желілерінде «табыс табу» туралы хабарландыруларды жүйелі түрде орналастырып отырған.

Тұрғылықты жері бойынша тінту жүргізу барысында 790 грамнан астам синтетикалық есірткі тәркіленді.

Құқық қорғау, арнайы және жергілікті атқарушы органдардың бірлескен жұмысының нәтижесінде өңірде есірткі қылмысының саны 37%-ға – 213-тен 134-ке дейін төмендегені байқалады.

Атап айтқанда, есірткі заттарын сақтауға қатысты қылмыстар саны 101-ден 61-ге дейін, ал өткізу деректері 69-дан 41-ге дейін азайды.

Өңірде прокуратураның үйлестіруімен уәкілетті органдардың нашақорлыққа және есірткі заттарының заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл жөніндегі жүйелі жұмысы жалғасуда.

Оқи отырыңыз: Таразда жастарға есірткіні анықтау әдістері көрсетілді