Таразда жастарға есірткіні анықтау әдістері көрсетілді

Polisia.kz.
Polisia.kz.

"Ашық есік күні" аясында қатысушылар облыстық психикалық денсаулық орталығының бөлімшелерін аралады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Тараз студенттеріне есірткіні анықтау әдістері көрсетіліп, оны заңсыз таратқаны үшін көзделген жауапкершілік түсіндірілді, деп хабарлайды Almaty.tv 

Халықаралық нашақорлыққа және есірткі құралдарының заңсыз айналымына қарсы күрес күні қарсаңында, сондай-ақ "Қарасора-2026" республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Тараз қаласында Тараз мамандандырылған колледжінің студенттерімен профилактикалық кездесу өтті.

Іс-шараны Жамбыл облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы Жамбыл облыстық психикалық денсаулық орталығымен, Жамбыл облыстық жастар денсаулық орталығымен және Тараз қалалық жастар ресурстық орталығымен бірлесіп ұйымдастырды. "Ашық есік күні" аясында қатысушылар облыстық психикалық денсаулық орталығының бөлімшелерін аралап, токсикологиялық зертхананың, алкогольдік және есірткілік масаңдық жағдайын медициналық куәландыру кабинетінің, сондай-ақ алғашқы психикалық көмек көрсету орталығының жұмысымен танысты.

Орталық мамандары студенттерге есірткіге тестілеуден өту тәртібін көрсетіп, адам ағзасындағы есірткі заттарын анықтаудың заманауи әдістері туралы жан-жақты ақпарат берді. Сонымен қатар жастарға тыйым салынған заттардың кең ауқымын анықтауға мүмкіндік беретін заманауи экспресс-тесттердің қолданылатыны түсіндірілді. Қатысушылардың ерекше қызығушылығын жаңа газды хроматограф құрылғысы тудырды. Жоғары дәлдіктегі бұл құрал биологиялық материалдарға кешенді талдау жүргізіп, әртүрлі есірткі заттарын анықтауға мүмкіндік береді. Кездесу барысында мамандар кең таралған есірткі құралдары, олардың адам денсаулығы мен психикасына тигізетін зияны, сондай-ақ тәуелділіктің қалыптасу қаупі туралы жан-жақты мәлімет берді. Сонымен қатар заңнама талаптарына ерекше назар аударылды.

Студенттерге есірткі құралдары мен психотроптық заттарды заңсыз сақтау, тасымалдау, дайындау, өткізу, тарату және жарнамалау үшін көзделген қылмыстық жауапкершілік нормалары түсіндірілді. Қатысушылар талқылауға белсенді қатысып, мамандардың сұрақтарына жауап берді. Олар есірткінің зияны мен салауатты өмір салтының артықшылықтары туралы жеткілікті хабардар екендіктерін көрсетті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, есірткіге деген тұрақты теріс көзқарасты қалыптастыруға және жасөспірімдер мен жастар арасында есірткі тұтынудың алдын алуға ықпал етеді.

Оқи отырыңыз: Үстірт қорығында қабылан фототұзаққа ілікті

 

 

Новости партнеров