Курчатовта электр стансасын салу: Үкімет 881 млрд теңгелік инвестициялық келісімді мақұлдады

05.09.2026 12:56

Премьер-министр Олжас Бектенов тиісті қаулыға қол қойды

primeminister.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың көмір генерациясын дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындау шеңберінде Қазақстан Республикасының Үкіметі Абай облысының Курчатов қаласында қуаты 700 МВт конденсациялық электр стансасын салу жөніндегі инвестициялық келісімді мақұлдады, деп хабарлайды Almaty.tv Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жавсап. 

Премьер-министр Олжас Бектенов тиісті қаулыға қол қойды.

Жоба Курчатов қаласын одан әрі дамытудың энергетикалық негізіне айналады. Мұнда ірі ғылыми инфрақұрылым нысандары – Ұлттық ядролық орталық, Ядролық технологиялар паркі, зерттеу реакторлары, зертханалар және қазақстандық термоядролық КТМ токамак шоғырланған.

Жаңа стансаның құны – 881 млрд теңге. Әрқайсысының қуаты 350 МВт болатын екі энергия блогын кезең-кезеңімен 2032 жылға дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр. Электр стансасы іске қосылғаннан кейін жылына 5 млрд кВт·сағ дейін электр энергиясын өндіре алады. Жоба аясында шамамен 4,4 мың жұмыс орнын ашу көзделген.

Нысан «таза көмір» технологияларын қолдана отырып, жоғары қысым мен температура жағдайында жұмыс істеуге арналған заманауи бу энергетикалық жабдықпен жарақтандырылады.

Қоршаған ортаға жағымсыз әсерді азайту мақсатында жоба Экологиялық кодексі мен ең үздік қолжетімді техникалар талаптарына сәйкес газ тазарту, шығарындыларды сүзу және шаңды басу жүйелерін қамтиды.

Жобаны жүзеге асыру қаладағы электрмен қамтудың сапасы мен тұрақтылығын арттырып, ғылыми, өнеркәсіптік және қалалық инфрақұрылымды одан әрі дамыту үшін қосымша электр өндіруге мүмкіндік береді.

Оқи отырыңыз: Президент Жолдауын жүзеге асыру: көлік саласы ЖІӨ-нің 6,1%-ын қамтамасыз етіп отыр

Толық көрсету