Осыған орай жалпы білім беретін мектеп директорларымен жұмыс кездесуі өтті
Алматының Бостандық ауданында кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және профилактикалық жұмысты күшейту мәселелеріне арналған жалпы білім беретін мектеп директорларымен жұмыс кездесуі өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Кездесуде оқушылар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, буллинг пен жанжалға жол бермеу, электронды темекі мен вейптердің таралуы және қолданылуының алдын алу, сондай-ақ мектептердің ата-аналармен және ювеналды полиция инспекторларымен өзара іс-қимылы талқыланды.
Бұдан бөлек, мектептердегі техникалық қауіпсіздік мәселелеріне назар аударылды. Барлық мектепте бейнебақылау жүйелері, дабыл түймелері және күзет қызметі талапқа сай болуы тиіс. Сондай-ақ мектептердегі бейнекамералардың полиция департаментінің жедел басқару орталығындағы бейнебақылау жүйесіне қосылуын тексеру тапсырылды.
— Баланың қауіпсіздігі – мектеп, ата-ана және полицияға ортақ міндет. Біздің жұмысымыз құқық бұзушылық жасалғаннан кейін емес, мәселені ерте анықтап, дер кезінде алдын алудан және тәуекел тобындағы балалармен жеке жұмыс жүргізуден басталуы керек. Әр мектепте бала өзін қауіпсіз сезініп, алаңсыз білім алып, дамуына жағдай жасалған орта қалыптастыру маңызды, – деді Бостандық аудандық полиция басқармасының бастығы Денис Лоскутов.
Құқықтық сауаттылықты арттыру және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында ауданның барлық мектебінде “Жас сақшы” жасақтарын құру ұсынылды. Кездесу қорытындысы бойынша кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында полиция, мектеп және ата-аналар арасындағы өзара іс-қимылды күшейтуге бағытталған қосымша шаралар белгіленді.