Вандализмге түбегейлі тосқауыл қоюымыз керек – Президент

AMANAT партиясының баспасөз қызметі
AMANAT партиясының баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы Ыбықты сай шатқалында болған оқиғаға пікір білдірді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қасым-Жомарт Тоқаев кеше ғана Астанада Алтын Орда рөлін адамзат жылнамасының бірегей тарихи, мәдениет және өркениет жобасы ретінде ғылыми тұрғыдан объективті зерделеуге арналған халықаралық симпозиум өткенін еске салып, аталған шараның мән-маңызына тоқталды, деп хабарлайды Аlmaty.tv Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

– Мен шағын баяндамамда өз көзқарасымды жеткіздім. Оны білікті тарихшылар мен мәдениеттанушылардың, құқықтанушылардың Еуразия кеңістігіндегі тарихи үдерістердің түрлі аспектісіне қатысты кәсіби талқысына салуға болады деп ойлаймын. Алайда бұл ақпаратты бұра тартатын сауатсыздарға қол емес. Маусым айының алғашқы онкүндігінде III Архившілер конгресі өтеді. Биылғы басқосу жаппай цифрландыру мен жасанды интеллект дәуірінде тарихи-мәдени және деректі мұраны сақтау мәселесіне арналады.

Біз – мәдениетіміз әралуан, бауырмал әрі кеңпейіл халықпыз. Еуразия кеңістігінде маңызды орын алатын және аталған субконтинентте жан-жақты қауіпсіздік жүйесін қалыптастыруға атсалысып жатқан прогрессивті, бейбітсүйгіш ел ретінде Қазақстанның халықаралық беделін арттыру үшін осы мәдени ерекшелікті жан-жақты дәріптеудің мәні зор. Сонымен қатар жастарымызды жаңа геосаяси және геоэкономикалық жағдайдағы қатаң, тіпті, қатігез бәсекелес ортада барынша табысқа жетуге қазірден бастап даярлауымыз керек. Бұл – біздің басты міндетіміз, – деді Президент.

Мемлекет басшысы қоғамдық сананы жаңғырту жөнінде пайымын бөлісті.

– Біз ойы озық, өркениетті ел боламыз десек, ең алдымен қоғамдағы кез келген мәдениетсіз әрекетке, жабайы жүріс-тұрыс пен тұрпайы тағылыққа, яғни, вандализмге түбегейлі тосқауыл қоюымыз керек. Өкінішке қарай, соңғы уақытта тарихи және мәдени нысандарға қасақана зиян келтіру жағдайлары жиілеп кетті. Мысалы, жақында ғана Маңғыстау облысының Ыбықты сай шатқалында болған оқиға бойынша тиісті өкілетті органдар қатаң құқықтық қорытынды шығаруы керек. Біз тұтас қоғам болып осындай заңсыз әрекеттерге үзілді-кесілді қарсы тұруымыз қажет.

Заңды құрметтеу, табиғатты аялау, жауапкершілік, жасампаз патриотизм қағидаттары қоғамдық санада түбегейлі орнығуға тиіс. Бұл қасиеттер азаматтарымыздың, әсіресе, өскелең ұрпақтың дүниетанымы кең, мінез-құлқы дұрыс адам ретінде қалыптасуына негіз болуы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оқи отырыңыз: Өнер адамдарына қолдау: «Асыл мұра» ұлттық сыйлығы тағайындалады

Новости партнеров