Араға 8 жыл салып оңтүстік астанаға сән мен салтанаты жарасқан кеш қайта оралды
Алматыда араға 8 жыл салып «Веналық бал» қайта өткізілді. Мәдени кеш Австрия елшілігі мен Вена қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған. Қайырымдылық іс-шарасына 300-ге жуық адам қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Сәнді көйлек, қызыл кілем, симфониялық оркестр. Араға 8 жыл салып, оңтүстік астанаға сән мен салтанаты жарасқан кеш қайта оралды. Мәдени іс-шараға іскерлік орта өкілдері, дипломаттар мен мәдениет қайраткерлері қатысты. Балдың көркін классикалық би қойылымдары келтірді. Ертегідегідей киінген жұптар вальс билеп, мәдениет пен еуропалық дәстүрдің үйлесімін көрсетті.
Сондай-ақ іс-шара аясында аукционға түрлі бұйымдар шығарылды. Ұйымдастырушылардың сөзінше, түскен қаражат қайырымдылыққа жіберіледі.
«Аукционнан түскен қаражаттың барлығы қайырымдылыққа кетеді. Яғни «SOS Children`s Village Қазақстан» қорына жіберіледі. Іс-шараны ұйымдастырудағы мақсат та сол. Біз мәдени кеш өткізіп ғана қоймай, көпшілікті жақсылық жасауға шақырамыз», – деді ұйымдастырушы Светлана Кислицына.
Кеш барысында қонақтар бұл іс-шараның тек сән-салтанат емес, сонымен қатар қоғамға әсер ететін мәдени әрі қайырымдылық мәні бар екенін атап өтті.
«Адамдар тек отбасылық жиындарға барады. Ал, мынандай мәдени тұрғыда жоғарғы деңгейде шаралар өткізілетін болса, адамдардың, тұрғындардың, қонақтардың қызығушылығын арттырып, өздерін қонақ ретінде сезініп және қайырымдылыққа бет бұрып, үлесін қосса, адам ішкі рухани тұрғыда да өзгереді. Сондықтан мәдениетті сақтап, қалыптастыру үшін осындай шаралар өткізілуі тиіс», – деді кеш жүргізушісі Әйгерім Үзембаева.
Айта кетейік, Алматыда мұндай бал 2007 және 2017 жылы ұйымдастырылған. Алдағы уақытта бұл іс-шараны жыл сайын өткізу жоспарланып отыр.
Диана Тұрлыбек, Рашиддин Якупов
Оқи отырыңыз: Run for Autism: Елордада қайырымдылық жарысы өтті