Run for Autism: Елордада қайырымдылық жарысы өтті

Биыл марафонға Қазақстанның 26 қаласынан және алыс-жақын шетелден 5 мыңнан астам адам жиналды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елордада Run for Autism қайырымдылық жарысы өтті. Биыл марафонға Қазақстанның 26 қаласынан және алыс-жақын шетелден 5 мыңнан астам адам жиналып, бір мақсат жолында бас қосты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Осындай кең ауқымды қолдаудың нәтижесінде 42 миллион теңгеден астам қаражат жиналыпты. Әр қатысушының қосқан үлесі аутизмі бар жасөспірімдер мен ересектердің өмірін жақсартуға бағытталады, 

Бүгін жай ғана жүгіріс емес, бұл сайыстың артында аутизмі бар адамдарды қолдауға ниетті мейрімді жүрек бар. Run for Autism елімізде 4-мәрте ұйымдастырылып жатыр. Биыл бұл жүгіруге қатысатындар саны рекордтық көрсеткішке жетіп, еліміздің 26 қаласынан және шетелдерден 5 мыңнан астам қатысушының басын біріктірді.

Марафон тек офлайн форматпен шектелмей, онлайн қатысушыларды да қамтыды. Қазақстанның 30 қаласынан бөлек, Ұлыбритания мен Ресейден жалпы саны 142 адам тіркелген.

«Басты мақсаты – аутизм және басқа да менталды бұзылыстары бар балаларды, жасөспірімдерді, ересектерді тәрбиелеп отырған отбасыларға, мамандарға қолдау көрсету. Олардың жалғыз емес екендігін және еліміздегі барша адам, Астана қаласының тұрғындары барынша қолдау көрсететінін іс-шара арқылы көрсеткіміз келеді», – деді қоғамдық қордың Инклюзивті және әлеуметтік жобалар жетекшісі Самал Әлбілекова.

Сонымен қатар, жүгіруге аутизм, Даун синдромы және басқа да ерекшеліктері бар 100-ден астам адам қатысып, іс-шараның инклюзивті сипатын айқындай түсті. 17 жастағы Ғабдолла Ахмади әжесімен бірге Атырау қаласынан арнайы келіп, марафон аясында 1 шақырым қашықтықты еңсерді. Қатысушылардың айтуынша, мұндай бастамалар ерекше балалардың қоғамға бейімделуіне үлкен мүмкіндік береді.

«Ерекше бала бағып отырған ата-ана ретінде өте қуаныштымын. Себебі баламыз мектепке барған жоқ, мектепте отыруды білген жоқ. Бірақ балаларды қоғамға араластыруға атсалысып жатыр, ризамын!» – деді ерекше баланың әжесі Күләнда Атчибаева.

Айта кету керек, марафонда жиналған қаражат қайырымдылыққа бағытталады. Соңғы үш жыл ішінде өткен жарыстарға 6 мың 443 адам қатысып, 42 миллион теңгеден астам қаржы әкелген. Нәтижесінде Астана қаласы мен Қостанай облысындағы балабақша, мектеп және колледждерде 25 инклюзияны қолдау кабинеті ашылған.

Мәди Бижан, Данияр Омар, Нұрлан Өтеген, Астана

Оқи отырыңыз: Әр балаға — арнайы маман: зорлық-зомбылықпен күрестің жаңа жүйесі

Новости партнеров