Көктемгі су тасқыны: Қазақстанның қай өңірлері қауіп аймағында

Depositphotos.com
Depositphotos.com

Болжам суық кезеңде түскен жауын-шашын көлемін ескере отырып жасалды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Синоптиктер 2026 жылға арналған су тасқыны жағдайының алдын ала болжамын ұсынды, – деп хабарлайды Almaty.tv «Қазгидромет» РМК-ға сілтеме жасап.

Метеорологтардың мәліметінше, болжам суық маусымда түскен жауын-шашын көлемі, топырақтың қату тереңдігі және оның бетінде мұз қабатының болуы ескеріле отырып жасалған. Сонымен қатар, нақтылау жұмыстары алдағы кезеңде ағымдағы ауа райы жағдайына байланысты жүргізіледі.

Батыс пен шығыстың бірқатар өңірлерінде күзгі ылғалдану көрсеткіштері нормадан жоғары екені атап өтілді. Таулы аймақтарда кей жерлерде жауын-шашын мөлшері 150 мм-ден асқан, бұл айтарлықтай артық ылғалдануды көрсетеді. Елдің солтүстігінде, орталығында және оңтүстігінде ылғал деңгейі негізінен нормадан төмен немесе орташа — ең төменгі көрсеткіштер 25 мм-ден аз.

Ел аумағының басым бөлігінде топырақ қатқан, ал еріген топырақ тек оңтүстіктің жекелеген аумақтарында ғана сақталған. Қатудың ең жоғары тереңдігі солтүстік-батыс, солтүстік-шығыс және орталық өңірлерде тіркелген — 125-тен 148 см-ге дейін.

Суық кезеңде жиналған жауын-шашынға келсек, нормадан артық мөлшер негізінен елдің шығысы мен солтүстігінде байқалады. Ал батыс, оңтүстік, оңтүстік-шығыс және орталық өңірлерде жауын-шашын көлемі нормадан төмен болған.

Синоптиктердің алдын ала бағалауынша, 2026 жылдың ақпан және наурыз айлары жылы болып, жауын-шашын мөлшері орташа деңгейде күтіледі.

Су тасқыны қаупі жоғары өңірлер:

  • Ақмола облысы

  • Солтүстік Қазақстан облысы

  • Қарағанды облысы

  • Шығыс Қазақстан облысы

  • Абай облысы

Су тасқыны қаупі орташа өңірлер:

  • Қостанай облысы

  • Батыс Қазақстан облысы

  • Ақтөбе облысы

  • Павлодар облысы

  • Түркістан облысы

  • Алматы облысы

  • Ұлытау облысы

  • Жетісу облысы

Су тасқыны қаупі төмен өңірлер:

  • Атырау облысы

  • Маңғыстау облысы

  • Қызылорда облысы

  • Жамбыл облысы

Оқи отырыңыз: Алматыда 2-8 ақпан аралығында ауа райы қандай болады

Новости партнеров