Жәндіктер әлеміне саяхат: Алматыда Cirque du Soleil гастролі басталды

12.06.2026 21:10

Цирк Du Soleil 17 жыл бұрын сахналанған «OVO» шоуымен әлемнің 50-ге жуық елін аралап, 10 миллион көрерменнің ыстық ықыласына бөленген

Әлемге әйгілі цирк Du Soleil Алматыда. Канадалық ұжым Қазақстанға «OVO» шоуымен келді. Жәндіктер әлеміне алып баратын бұл қойылым 50 ге жуық елде көрсетіліп, 10 миллионнан аса көрерменнің ыстық ықыласына бөленген. Әсерлі акробатика, жанды музыка, ерекше костюмдер мен қайталанбас сценография үйлесім тапқан шоуды тамашалап қайтқан әріптесімнің сюжетіне зер салайық, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Бұл – әртістердің қойылым алдындағы қызу дайындығы. Шеберліктерін пысықтап, ерекше акробатикалық элементтерді қайталау үстінде. Мұндағы мамандар сахнаға шыққанда мыңдаған көрерменнің алдында күрделі трюктерді сақтандыру белбеуінсіз орындайды. Сондықтан костьюмдердің тек әдемілігіне ғана емес, қауіпсіздігі мен қолайлы болуына да баса назар аударылған.

«Сахналық костюмдердің 800 данасын алып келдік. Әр киім кәсіби шеберлердің қолымен тігілген. Мұнда көбелек, қоңыз, шегіртке және өзге де жәндіктердің образы бар», – деді Cirque Du Soleil компаниясының ресми өкілі Жани Малле.

. 50 ден астам әртіс, жүзге жуық жұмыскер, сахна мен қойылымға қажет жабдықтар елімізге екі жүк ұшағымен жеткізілген. Тіпті ұжым тігін машиналары мен кір жуғыш техникаларына дейін өздерімен алып келіпті.

«Келіссөздер 1,5 жыл бойы жүргізілді. Себебі логистика жағы қиындау болды. Бірақ бәрі артта қалды. Біз ұжымның ештеңеге алаңдамай өнер көрсетуіне барлық жағдайды жасап отырмыз. Мақсатымыз – әлемдік жұлдыздарды шақыру арқылы мәдениетіміздің дамуына үлес қосу.  Бұл – біз үшін үлкен оқиға, жаңа деңгей», – деді  Freedom Events басшысы Виктория Торгунакова.

Цирк Du Soleil 17 жыл бұрын сахналанған «OVO» шоуымен әлемнің 50-ге жуық елін аралап, 10 миллион көрерменнің ыстық ықыласына бөленген. Астанада да 25 мың көрмен тамашалаған ерекше қойылым енді алматылықтардың жүрегін жаулауда. Бұл қойылымның оқиға желісі жұмбақ жұмыртқаның төңірегінде, жәндіктер әлемінің тартысты хикаясы аясында өрбиді. Бірақ шоуға ешбір жануар ұатыспайды.

«Біз шоуға дайындық барысында жәндіктер әлемін зерттедік. Көбелектер, шегірткелер мен қоңыздардың әр қимылын жіті бақылап, шабыт алдық. Ал қиын трюктердің барлығы сақтандыру белбеуінсіз орындалады», – деді Cirque Du Soleil әртісі Килиан Монже.

 Екі сағат бойы көрермен қиял әлеміне еніп, әртістердің күрделі трюктарын тамашалады. Басты кейіпкер шыбынмен бірге махаббат, достық және есею оқиғаларының куәсі болды. Жердегі және әуедегі элементтерді кәсіби акробаттар, халықаралық чемпиондар мен олимпиада қатысушылары орындады. Әлемдік OVO шоуының көрсетілімдері Almaty Arena-да 14-маусымға дейін жалғасады.

Асыл Махметов, Ернат Болатбек