Көрменің өзегі - бізкесте өнерінің хас шебері Мұхамеджан Зейнелханның еңбектері
Алматыда ұмыт қалған өнерді түлеткен шеберлердің тың туындылары қойылған ерекше көрме ашылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Жады» деп аталған мәдени іс-шарада суретшілер, бейнелеу мансабының майталмандары Зейнелхан Мұхамеджан мен жары Гүлжай Құсман және қызы Ботакөз Зейнелханның еңбектері көпшіліктің назарына ұсынылды.
Мұндағы әрбір кесте - үнсіз сөйлейтін тарих. Жіппен өрілген өрнектер арқылы өткеннің ізі, аналардың алақанының табы, ұлттың болмысы көрініс табады. Көрменің өзегі - бізкесте өнерінің хас шебері Мұхамеджан Зейнелханның еңбектері. Суреткер туындыларында қазақ даласының өткенін заманауи тұрғыда бейнелеп қана қоймай, әрбіріне өзіндік оқиға желісін енгізеді. Айтуынша, бір жұмыстың өзі көлеміне қарай 2-3 айдан 1 жылға дейін созылуы мүмкін. Сондықтан бұл өнер төзімділікті талап етеді.
«Бұл кеште қазір екі бағытта: біреуі – дәстүрлі, бұрынғы ата-бабамыз, апаларымыз жасап кеткен биік оюлы кесте өнері өз жөнімен дамып жатса, екіншісі қазіргі заманға сай бейнелеу өнері», – деді суретші, қолөнер шебері Зейнелхан Мұхамеджан.
«Көрмеде үш қолөнершінің 50-ден астам туындысы ұсынылды. Басым бөлігі - Зейнелхан Мұхамеджанның еңбектері. Туындылардан күнделікті тұрмыстық көріністер де, көшпелі мәдениет салт-дәстүрі, мифологиялық сарындар да байқалады. Бүгінгі көрменің ашылуы біз үшін тарихи сәт деп айта аламын», – деді Ә. Қастеев атындағы ҚР лттық өнер музейінің бөлім басшысы Наталия Баженова.
Зейнелхан Мұхамеджанмен қатар, суретшінің жары Гүлжай Құсман және қызы Ботакөз Зейнелхан да бұл өнерден алыс емес. Шеберлер отбасы бүгінде ұлттық киімдердегі кесте мәдениетін жаңғыртуға да өлшеусіз үлес қосып келеді. Қамзол, сәукеле, шапан мен тұскиіз бетіндегі өрнектерді зерттеп, ұмыт болған композицияларды ғылыми тұрғыда қайта тірілткен. Қылқалам мен қолөнерді қатар ұстаған әулет ендігі бұл өнерді заманауи стильде жас ұрпаққа жеткізуді көздейді.
«Менің қолтаңбам әкемнен өзгешелеу. Әкем енді көбінесе жаңағы терең ойлы, қарап тұрсақ жұмыстарына, қазақтың кең-байтақ даласы, қазақтың өмірі, барлығын бір картинаға сыйғызып бейнелейді. Ал менікі болса, жаңашылдық сарын бар», – деді қолөнер шебері Ботакөз Зейнелхан
Ұлттық мұраны ұлықтаған қолөнершілердің еңбегін елеп, туындыларын тамашалауға келген жұрттың қарасы қалың болды. Көпшілік таңдай қағысып, тамсанып жатты.
Айта кетейік, аталған көрме Әбілхан Қастеев атындағы ұлттық өнер музейінде әлі екі апта жалғасады.
Гүлмарал Изатқызы, Рашиддин Якупов
Оқи отырыңыз: Almaty Half Marathon жарысына 44 елден 10 мыңнан астам адам қатысады