Жалақы қысқартатын уақыт емес: Атырауда автобус жүргізушілері шу шығарды

11.03.2026 15:42

Бұған дейін компания қызметкерлерге 1 сағаттық жұмысы үшін 3500 теңге төлеп келсе, енді шешім қабылданса 2480 теңге төлемек

Атырауда бір топ автобус жүргізушісі шу шығарды. Олар автопарк басшысының сәуірден бастап жалақыны азайтатынына қарсы, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қоғамдық көліктерді тізгіндеген жүргізушілер мардымсыз жалақы не отбасын асырауға не несие төлеуге жетпейді деп отыр. Сондықтан көпшілік мәселеге облыс әкімінің араласуын сұрап, түйткілді оң шешіп беруін талап етеді.

«Сағат 05:00-22:00 аралығында автобус жүргіземіз» деген азаматтар еңбегінің дұрыс бағаланбайтынына наразы. Сөзінше, жұмысшылар үшін еш жағдай жасалмаған. Жүргізушілердің айтуынша, сәуірден бастап жалақыны азайту – жығылғанға жұдырық болған. 

«Жалақыны өсіруін талап етпедік.Тек ұысқартпуын өтіндік. Сәуір айынан бастап хабарламаға қатысты қол қою керек.  Келіссек, ақша қысқарады, қазір табысты кесетін заман емес», – деді автобус жүргізушісі Берік Ержанов.

Бұған дейін компания қызметкерлерге 1 сағаттық жұмысы үшін 3500 теңге төлеп келсе, енді шешім қабылданса 2480 теңге төлемек. Ал тәулігіне 15 сағат еңбек етіп, жанұясын асырап жүрген азаматтар «айдың күні аманда айлықты азайту негізсіз» деп отыр.

«Бізге 3500 теңгені қалдырса, соны төлесе басқа шаруамыз жоқ. Келіспеген жағдайда әр жыл сайын келісімшартты ұзартады ғой. Егер мекеменің шартына келіспесең, сені жұмысқа қоспайды. Келісе алмасаң, жұмыстан босайсың», – деді автобус жүргізушісі Ахат Бейсенбаев.

Жүргізушілердің жанайқайын тыңдаған шенеуніктер автопарк басшылығының әрекетін қаржылай сауатсыздық деп айыптады. Яғни, жекеменшік мекеме бірнеше жыл қатарынан комиссия бекіткен сомадан жоғары жалақы қойған.

«Автопарктер арасындағы келісімге сәйкес, бюджет қаражатының нақтылығына байланысты комиссия хаттама шығарады. Онда шығын есептеліп, осы күнге дейінгі жалақының мөлшерінен (500 мың теңге болған) 22 пайыз шегеріледі. Комиссия хаттамасына қарамастан, тиісті автопарк жекеменшік мекеме 2024 жылдың қыркүйегінен бастап, шешім қабылдайды. Бұл – автопарктың хаттамаға қарамай қойған жалақы мөлшері. Сол мөлшерді ары қарай қамти алмай, әкімдікке жүгінуге тура келіп отыр», – деді Атырау қаласы әкімінің орынбасары Мейіржан Мұқасов.

Жүргізушілердің талабын тыңдауға автопарк басшысы келмеді. Алайда мекеме заңгері «әу бастан қателік әкімдік бекіткен ережеден кеткен» деп түсіндірді. Тіпті сол үшін мекеме екі жыл қатарынан соттасып, ақшасын да өндіріп алған. Биыл да сотқа құжат жолдапты. Айтуынша, 3 жыл бойы жетпеген жалақыны жұмысшыларға қалтасынан төлеп, шығынға батқан. Сол себепті жалақыны кемітуге мәжбүр болған.

«Биыл шешімге қарамастан әкімдік 531 мың теңге еңбекақы дайындап отыр. Бірақ біз қалтамыздан жүргізушіге 565 мың теңге төлеп отырмыз. Қазіргі уақытта шешімге сай,  531 мың теңгеге қысарттық. Бірақ шарт бойынша бұл кезеңге 715 мың теңге төленуі керек. Олар субсидиялау ережесін ескермей шешім қабылдады. 531 мың теңгені қайдан алғанын білмеймін», – деді автопарк заңгері Арсен Қанатов.

 Осылайша автопарк өкілдері өздеріне шаң жуытпады. Олар барлығын заң шеңберінде шешіп береміз дегеннен әрі аса алмады. Ал екі ортада зардабын тартқан жүргізушілерге күтуден басқа шара жоқ.

 Жұлдыз Қайратқызы

Оқи отырыңыз: Қауіпті қалдықтарды жинау: Алматыда экологиялық акция өтті

Теги: Атырау