Жалған ақпаратқа қарсы орталық Threads желісіне зерттеу жасады

Аlmaty.tv
Аlmaty.tv

Желіде қоғамдық пікірді жасанды қалыптастыратын аккаунттар анықталды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы цифрлық кеңістікте қоғамдық пікірді жасанды қалыптастыру тәсілдеріне зерттеу жүргізді. Зерттеу барысында Threads әлеуметтік желісіндегі аккаунттардың белсенділігі талданған, деп хабарлайды Almaty.tv

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығының мәліметінше, дәстүрлі боттардан бөлек, өзара үйлесімді әрекет ететін аккаунттар желісі анықталған. Олар «сворминг» (swarming) әдісін қолданады. Бұл тәсілде шағын топ бір уақытта пікір жазып, репост жасап, реакция білдіру арқылы қоғамда белгілі бір пікірді көпшілік қолдап жатқандай немесе жаппай қарсылық бардай әсер қалыптастырады.

Кәдімгі боттар алдын ала дайындалған мәтіндерді таратса, мұндай аккаунттар әлдеқайда икемді жұмыс істейді. Олар талқылауға жедел араласып, белгілі бір пікірді күшейтеді және қарапайым пайдаланушыларды пікірталасқа тартады. Соның нәтижесінде нақты бір көзқарас қоғамның ортақ пікірі сияқты көрінуі мүмкін.

350-ден астам аккаунт зерттелді

Орталық мамандары республикалық референдумды дайындау және өткізу кезеңіндегі ақпараттық кеңістікті талдаған.

4 ақпан мен 30 наурыз аралығында 350-ден астам аккаунт пен 5 786 жарияланым зерттелді. Нәтижесінде:

  • аккаунттардың 71 пайызында иесі туралы нақты ақпарат болмаған;
  • 52 пайызы ақпараттық науқан басталар алдында ғана тіркелген;
  • референдум аяқталғаннан кейін олардың шамамен 60 пайызының белсенділігі күрт төмендеген;
  • жарияланымдардың бір бөлігі кейіннен өшірілген.

Зерттеу авторларының пікірінше, бұл аккаунттардың нақты бір ақпараттық науқан кезінде ғана пайдаланылғанын көрсетуі мүмкін.

Ақпарат қалай таралады?

Зерттеу мұндай әрекеттердің ортақ сценарийін де анықтады. Алдымен эмоция тудыратын немесе даулы тақырыптағы жарияланым шығады. Кейін оны басқа аккаунттар бір мезетте пікір, репост және түрлі реакциялар арқылы қолдайды. Осыдан кейін талқылауға қарапайым қолданушылар қосылып, оны табиғи қоғамдық пікірталас ретінде қабылдай бастайды.

Мамандар зерттелген барлық жағдайда жарияланымдардың бір уақытта таралуы, бірдей пікірлердің қайталануы және ортақ нарративтердің жылдам кең таралғанын байқаған.

Теріс сипаттағы контент көбірек назар аударады

Қосымша зерттеу барысында Қазақстанның сыртқы саясатына қатысты 114 аккаунттағы 160 жарияланым сарапталған.

Талдау нәтижесі бойынша:

  • жарияланымдардың 88,3 пайызы ақпараттық себеп пайда болған алғашқы тәулікте жарияланған;
  • ең жоғары қызығушылық теріс сипаттағы контентке байқалған. Оның үлесі барлық материалдың 39 пайызын құраған;
  • зерттелген аккаунттардың шамамен 30 пайызы тәулігіне 9-12 жарияланым шығарып отырған.

Мұндай тәсілдер тек саяси тақырыптарда қолданылмайды

Орталықтың мәліметінше, үйлестірілген ақпараттық белсенділік әлеуметтік саясат, денсаулық сақтау, мемлекеттік реформалар, тарифтер, әлеуметтік төлемдер және қоғамда қызу талқыланатын өзге де мәселелер төңірегінде де кездеседі.

Мамандардың айтуынша, қазіргі ақпараттық операциялардың басты мақсаты – адамдарды нақты деректермен сендіру емес, белгілі бір пікірді көпшілік қолдап жатқандай әсер қалыптастыру.

Осыған байланысты Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы әлеуметтік желілердегі жарияланымдардың көп болуы әрдайым қоғамның шынайы пікірін білдіре бермейтінін ескертті. Кей жағдайда бұл ақпараттық тақырыпты әдейі күшейтіп отырған шектеулі аккаунттар тобының келісілген әрекетінің нәтижесі болуы мүмкін.

Оқи отырыңыз: Шикізаттық емес салалардың тұрақты дамуы: Қазақстан экономикасы 4,1%-ға өсті