Ақмола облысында демалыс күндері су айдындарында бес адам көз жұмды

Құтқарушылар тұрғындарға сақ болуды ескертеді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Отбасылық демалыс қайғылы жағдаймен аяқталды. Ақмола облысындағы Қызылжар ауылының маңындағы жасанды су қоймасында 8 және 12 жастағы туған апалы-сіңлілі қыздар көз жұмды, деп хабарлайды Almaty.tv

Төтенше жағдайлар департаментінің алдын ала мәліметінше, қайғылы оқиға таңертең болған.

Балалар су жағасында тұрған көлікке киім ауыстыру үшін кірген. Алайда күтпеген жерден автомобиль орнынан қозғалып, еңіспен суға қарай сырғып кеткен.

Әкесі балаларды құтқаруға бар күшін салғанымен, оларды аман алып қалу мүмкін болмаған.

Биыл шомылу маусымы басталғалы бері облыста 15 адам суға кеткен. Оның бесеуі өткен демалыс күндері көз жұмған.

Барлық қайғылы жағдай арнайы жабдықталмаған суға түсу орындарында тіркелген.

«Ақмола облысының құтқарушылары тұрғындарға сақ болуды ескертеді. Өткен демалыс күндері өңірдегі су айдындарында бес адамның өмірі қиылды. Оның бірі – суға бату дерегі болса, төртеуі – жазатайым оқиға.

Өкінішке қарай, қаза тапқандардың үшеуі – кәмелетке толмаған балалар», – деді Төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі Ерсайын Қойшыбаев.

Оқи отырыңыз: Жалған ақпаратқа қарсы орталық Threads желісіне зерттеу жасады