Жалған инвестиция мен дипфейк: интернет-алаяқтар жаңа айлаға көшті

28.02.2026 15:48

Мамандар азаматтарды сақ болуға шақырады

Аlmaty.tv

Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетіне қарасты Қылмыстық қауіп-қатерлердің және қоғамдық қауіпсіздіктің тәуекелдерін болжау орталығы интернет-алаяқтық фактілерінің көбейгенін ескертті, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Бас прокуратураның хабарлауынща, соңғы уақытта киберқылмыскерлер жалған инвестициялық платформалар құрып, азаматтарды қаржылық қақпанға түсіруді күшейткен. Бұрын алаяқтар фишингтік сайттар арқылы әрекет етсе, қазір екінші деңгейлі банктердің, ірі құрылыс компанияларының атын жамылып, жалған инвестициялық жобаларды ұсынып жүр.

Сонымен қатар deepfake технологиясын пайдаланып, танымал тұлғалардың бейнесі мен дауысын қолдан жасап, жалған жарнамалар тарату жағдайлары тіркелуде. Осылайша олар азаматтардың сеніміне кіріп, қаржысын иемденуді көздейді.

Әлеуметтік желілерде «жоғалған инвестицияны қайтарып береміз» деген қызметтер де белсенді жарнамалануда. Алайда бұл – бұрын алданған адамдарды қайта қаржылық тұзаққа түсіруге бағытталған екінші деңгейлі алаяқтық схема.

Мамандар азаматтарды сақ болуға шақырады.

Қауіпсіздік үшін:

  • күмәнді сілтемелерге өтпеу;
  • жеке және банктік деректерді бөгде адамдарға бермеу;
  • әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі инвестициялық ұсыныстарды мұқият тексеру, әсіресе «жоғары әрі кепілдендірілген табыс» уәде етілсе;
  • алаяқтық белгілері байқалса, бірден құқық қорғау органдарына және банкке хабарлау қажет.

Алаяқтар көбіне адамның сеніміне сүйенеді. Қаржылық қауіпсіздік – өз қолыңызда.

Оқи отырыңыз: Астанада Алғыс айту күніне орай республикалық форум өтті