Қазір Қордай-Алматы, Тараз бен Шымкент арасында ауыр жүк көліктерінің қатынауына шектеу қойылған
Жамбыл облысында кешелі бері жауған қалың қардың салдарынан 1200-ден аса жүк көлігі жол бойында кептеліп қалды. Қазір Қордай-Алматы, Тараз бен Шымкент арасында ауыр жүк көліктерінің қатынауына шектеу қойылған, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Жамбылда кешеден бері жауып жатқан қар әлі де тоқтамады. Қалыңдығы шамамен 60 сантиметрден асып кеткен. Сондықтан республикалық маңызы бар тас жолдарда жүк көліктерінің қозғалысы тоқтады. Қазір облыс бойынша 1200-ден аса көлік жол бойында қалған. Кептелген машиналардың бір бөлігі Күйік асуында тұр.
«Павлодардан Шымкентке кетіп бара жатырмын. Мал әкеле жатырмыз. Кеше Күйік асуына келгенбіз. Қар жауып жол жабылды. Менің көлігімде жанармайым жетеді. Машинада автономный пеш бар. Жылытып тұрады. Жаурап жатқан жоқпыз, бізге жолды ашып берсе болды», – деді жүргізуші Асқар Мұсылманов.
Құқық қорғау органдары ауыр жүк көліктерін жол жиегіндегі дәмханалар мен жанармай құю бекеттерінің маңына шоғырландыруға мәжбүр. Өйткені республикалық тас жолдың тағы бір тәулікке жабылуы мүмкін. Қазір полиция департаментінің 45 патрульдік экипажы қар құрсауында қалған жүргізушілерге көмек көрсетіп жатыр.
«Екі тәулік ішінде шамамен 50-ге жуық автокөлік қар құрсауынан шығарылды. 20-ға жуық азамат жылыту пунктеріне полиция қызметкерлерімен жеткізілді. Полиция қызметінің барлық қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс атқаруда», – деді облыстық ПД әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Ержан Мананбаев.
Ал трассаны қалың қардан аршу үшін 100-ден аса арнайы техника үздіксіз жұмыс істеуде. Дегенмен жауған ұлпа қар мен үдей түскен боран тазаланған учаскелерді қайтадан басып жатыр.
«Ауа райының болжамымен Қордай асуында боран болуы мүмкін. Сол себепті жолды ертеңгі сағат 9-10-ға жуық ашуды жоспарлап отырмыз. Құм инертті материалдардың жалпы себілуі тәулігіне 6-7 мың кубтан асып кетеді», – деді «Қазавтожол» Ақ облыстық филиалының бөлім басшысы Біржан Әшіров.
Жеңіл автокөліктер үшін жол қозғалысына рұқсат берілгенімен, тәртіп сақшылары жүргізушілерді сапарын кейінге шегеруге үндеп отыр. Себебі ақтүтек бораннан жолды көру мүмкін емес. Ал Тараз қаласындағы барлық мектеп қашықтан оқыту форматына көшті.
Нұрғиса Қаржаубай, Мейіржан Бейсебай, Тараздан
Оқи отырыңыз: Алматыда коммуналдық қызмет күшейтілді