Жамбыл облысында 2 жыл бұрын пайдалануға берілген су стансасы жарамсыз

Тоғызкент ауылында ауыл тұрғындары тозған құбыр арқылы келген суды ішуге мәжбүр

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жамбыл облысы Сарысу ауданына қарасты Тоғызкент ауылында 2 жыл бұрын пайдалануға берілген су стансасы жарамсыз болып қалды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ұңғымадан тұзды су шыққан. Салдарынан жұрт тіршілік нәрін көрші ауылдан тозған құбыр арқылы алуға мәжбүр. Ал аудан билігіне өкпесі қара қазандай ауыл халқы көршілес ауданға қосуды сұрап отыр. Себебі жауаптылар шалғайдағы мекенге мардымды көңіл бөлмейді.

«Сарысу ауданы әкімі бізге қарамайды. Спорт зал, су жоқ. Халықты ойламайды. Сондықтан Талас ауданына қосуды талап етеміз. Сарысудан пайда жоқ», – деді Тоғызкент ауылының тұрғыны Бекбосын Жанбаев

Тоғызкенттік тұрғындардың бұлай тулауына жаңа су тарату станциясының қажетсіз болып қалуы әсер еткен. Ауылды ауыз сумен қамту үшін 2 жыл бұрын 377 млн теңге бөлініп, су мұнарасы салынған. 2024 жылы пайдалануға беріліпті. Бірақ одан шыққан суды ішу мүмкін емес.

«Су ішуге жарамсыз екенін қазбай тұрып айттық, ескерттік. Одақтың кезінде бұл суды, тіпті мал ішпейтін. Шілденің ыстық күнінде шөлдеп келген мал бұрылып кетіп қалатын», – деді Тоғызкент ауылының тұрғыны Нұрлан Исмаилов.

Аудан әкімдігі ұңғыма суының ащы екенінен хабардар болған. Оны тұщыту үшін арнайы мембраналар да қолданыпты. Алайда құрылғылар бірінен соң бірі істен шығып тұрғындарға тұзды су таратып отырған.

«Ащы, удай іше алмайсың. Амал жоқ, бәріміз ақша жинап Таразға тексерттік. Су  жарамсыз болып шықты», – деді Тоғызкент ауылының тұрғыны Мешітбек Жолдасов

Жауаптылар мәселені шешу үшін көршілес жатқан елдімекен маңынан жаңа ұңғыма қазған. Сөйтіп ауылды сол жақтан келетін ескі құбырға қосыпты. Бірақ тозған құбырдан тоттың дәмі шығып, құм аралас су ағады. Енді қайта қаржы бөліп көрші ауылдан келетін құбырды жаңартып бермек.

«Екі ортаға жоба әзірлеп, сараптамасы шыққаннан кейін, ақша бөлінсе,  қазылған ұңғырма басына бактерицидтік қондырғы қоямыз. 6 км құбырды тартып, ауылдың суын үздіксіз беріп отырамыз. 2026 жылдың бірінші жарты жылдығында жұмысты аяқтау жоспарланған», – деді Сарысу аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы Дәуренбек Шалбаев.

Аудан әкімдігі 377 миллион теңгенің барлығы текке кетті дегенге келіспейді. Себебі 270 миллион теңгеге ауылішілік желі жүргізіліп, жұрт пайдаланып отыр. Су ғимаратын жоғары аудиторлық палата өкілдері де тексерген. Сөйтіп 100 миллион теңгеден аса қаржыны тиімсіз пайдаланған деген қортындыға келген.

Нұрғиса Қаржаубай,  Мейіржан Бейсебай, Тараздан

Оқи отырыңыз: Алматыда 500-ден аса адам алаяқтардың құрбанына айналған

Новости партнеров