Жамбыл облысында 56 жасқа дейінгі тұрғындар әскер қатарына алынып жатыр

05.02.2026 18:08

Резервтегілерге әскери киім беріліп, ай сайын 85 мың теңге жалақы төленеді

Жамбыл облысында алғаш рет 56 жасқа дейінгі тұрғындар әскер қатарына алынып жатыр. Резервтегі офицерлік құрамды жұмысқа қабылдау ел бойынша бірінші рет «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығында басталды, деп хабарлайды  Almaty.tv.

Жалпы 56 адамды әскер қатарына қосу жоспарланып отыр. Олардың арасында кәсіпкерлер, зауыт қызметкерлері мен дене шынықтыру және алғашқы әскери дайындық пәнінің оқытушылары бар. Қойылатын басты талап – әскери кафедраны бітірген не бұрын әскери салада қызмет етуі керек. Резервтегі әскери қызметкерлер аптасына 3 рет оқуға келеді. Штабта тактикалық сабақтарды оқып, барлау, әскери медицина, мемлекеттік құқықтық даярлықтан өтеді. Сондай-ақ жылына бір рет, бір ай әскери полигондағы оқу-жаттығуға қатысады. Резервтегілерге әскери киім беріліп, ай сайын 85 мың теңге жалақы төленеді.

«Запастағы офицерлердің негізгі жұмысынан шығарылмайды. Белгіленген уақытта жұмыс орындарына хат жолданған. Олар бір күнге босатылады. Бір айда 3 күн келсе,  белгіленген жалақысы төленеді», – деді Оңтүстік өңірлік қолбасшылығы кадрлар басқармасының басшысы Бекжан Нұрсұлтанов.

Оқи отырыңыз: Есірткіге жол жоқ: Алматыда профилактикалық акция өтті