Жамбыл облысында интернет алаяқтарға алданғандар саны артты

17.03.2026 15:39

Статистикалық мәліметке сай, 35-60 жас аралығындағы үйде отыратын жұмыссыз әйелдер көп алданады

Жамбыл облысында небәрі екі айдың ішінде 150-ден аса тұрғын интернет алаяқтарының құрбаны болған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Онлайн сауда арқылы алдап соғу деректері жиілеген. Сонымен қатар алаяқтар жасанды интеллект көмегімен өңделген бейнежазбалар мен дауыстарды да кеңінен қолдана бастапты. Биыл тұрғындар алаяқтарға жалпы сомасы 200 миллион теңгеге жуық қаржы аударған. Құзырлы органдардың мәліметінше, көбіне кибералаяқтардың арбауына зейнеткерлер түседі. Себебі қаскөйлер өздерін пошта қызметкері немесе халыққа қызмет көрсету орталығының маманы ретінде таныстырып, хабарласады. Бұдан бөлек, арзан бағада ұсынылған тұрмыстық техникаларға алданып қалғандар да аз емес. Осындай жалған жарнамаларға сеніп, сан соққандар саны 60-қа жеткен.

«Банк қауіпсіздік қызметкері мен инвестицияның қылмыстарын ашу сәл қиын болады. Себебі оның ұйымдастырушыларының көбі шет мемлекеттерде отырады. Статистикалық мәліметке сай, 35-60 жас аралығындағы үйде отыратын жұмыссыз әйелдер көп алданады. Көбінесе әлеуметтік желілерде жарнамаға сеніп қалады», – деді облыстық ПД киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Мұхаммед Қошмағанбетов.

 Оқи отырыңыз: Жігітше шешейік: Түркістанда бірнеше шенеунік қызметінен айырылды