Жамбыл облысында оқушыны соққыға жыққандар анықталып, тергеу басталды
9-сынып оқушысы 4 күннен бері ес-түссіз жатыр
Жамбыл облысында қатарластары соққыға жыққан 9-сынып оқушысы 4 күннен бері ес-түссіз жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Оқиға сенбіде кешкі уақытта Бірлесу-Еңбек ауылында болған. Зардап шеккен баланың туыстарының айтуынша, оқушы жасөспірімдер жиналысына кешігіп келгені үшін соққыға жығылған. Жанжал кезінде жасөспірімдердің бірі екіншісінің жүрек тұсынан бірнеше рет жұдырықпен ұрған. Салдарынан оқушы есінен танып, ауруханаға жеткізілген. Қазір оның жағдайы өте ауыр әрі тұрақсыз. Ол жансақтау бөлімінде өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Ал полиция қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізіп жатыр.
«Аталған дерек бойынша полиция қылмыстық іс қозғады. Оқиғаға қатысушылардың барлығы анықталып, полиция бөліміне жеткізілді. Алдын-ала анықталғандай бұрыннан таныс екі жасөспірімнің арасында жанжал туындап, соның барысында біреуі екіншісіне соққы жұмсаған. Жәбірленуші ауруханаға жатқызылды. Тергеу барысы Полиция департаменті басшылығының бақылауында», – деді Полиция департаменті бастығының орынбасары Әсет Оспанов.
Оқи отырыңыз: Шоттағы күтпеген сома: тұтынушы қызмет көрсету ақысын төлеуге міндетті ме