Сот талқылауы барысында сотталушылардың кінәсі толық дәлелденді
Жамбыл облысында кәмелетке толмағанды өзіне-өзі өлтіруге дейін жеткізу фактісі бойынша үш тұлғаға қатысты сот үкімі шығарылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жамбыл облысының прокуратурасынан хабарлағандай, өткен жылдың сәуір айында Тастөбе ауылында 9-сынып оқушысы өз үйінің ауласындағы сарайда асылып, өзіне-өзі қол жұмсаған.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 105-бабы 3-бөлігімен (өзіне-өзі өлтіруге дейін жеткізу) сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған.
"Тергеп-тексеру нәтижесінде аталған ауылдың 22 жастағы тұрғыны, сондай-ақ 10-11 сыныптың екі оқушысы күдікті ретінде танылды", - делінген хабарламада
Жүргізілген тергеу 7-11 сынып оқушылары арасында «бейресми көшбасшылардың» және «көшелік ұғыммен өмір сүру» тәртібінің қалыптасуы бар екенін, бұл кей жағдайда жастар арасында қалыпты жағдай ретінде қабылданатынын көрсетті.
Қайғылы оқиғаның себептері ретінде «үлкендер» тарапынан жүйелі түрде қорқыту, психологиялық қысым көрсету және еңбекке мәжбүрлеу фактілері анықталды.
"Атап айтқанда, қайғылы оқиғаға дейінгі соңғы күндері кәмелетке толмаған жасөспірім жастар арасында «авторитет» ретінде танылған жоғарыда көрсетілген азаматтың үйінде мәжбүрлі түрде құрылыс жұмыстарын атқарған", - делінген прокуратура хабарламасында.
Тергеп-тексеру нәтижесімен 2025 жылғы 5 қыркүйекте қылмыстық іс сотқа жолданды.
Сот талқылауы барысында сотталушылардың кінәсі толық дәлелденіп, Жамбыл облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2026 жылғы 16 сәуірдегі үкімімен олар кәмелетке толмағанды өзіне-өзі өлтіруге дейін жеткізгені үшін кінәлі деп танылды.
"Негізгі орындаушыға 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалса, ал оның кәмелетке толмаған екі сыбайласының әрқайсысына 5 жылдан бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды", - делінген хабарламада.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Оқи отырыңыз: Алматыда былтыр 17 мың кәсіпкердің құқығы қорғалды