Жамбыл облысында соққыға жығылған жасөспірім жасанды тыныс алу аппаратынан ажыратылды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жамбыл облысында ауылдасының соққысынан кейін жансақтау бөліміне түскен 15 жастағы жасөспірімнің жағдайы біршама жақсарды. Ол 23 күннен кейін жасанды тыныс алу аппаратынан ажыратылып, өздігінен дем ала бастады. Алайда әлі есін жиған жоқ. Дәрігерлер науқастың жағдайын ауыр деп бағалап отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

Еске салайық, оқиға Жамбыл ауданына қарасты Бірлесу-Еңбек ауылында болған. Ауылдасы 15 жастағы жасөспірімнің кеуде тұсынан ұрған. Содан бері бала ес-түссіз жатыр. Алғашында аудандық ауруханаға жеткізілген науқас кейін санитариялық авиация арқылы Тараз қаласына ауыстырылды.

Дәрігерлердің айтуынша, балаға толық тексеру жүргізіліп, республикалық және облыстық бейінді мамандардың қатысуымен бірнеше рет телемедициналық консультация ұйымдастырылған. Нәтижесінде науқастың гемодинамикалық көрсеткіштері тұрақталып, ол жасанды тыныс алу аппаратынан ажыратылды.

«Бірнеше рет телемедициналық консультация өткізілді. Республикалық және облыстық бейінді мамандардың қатысуымен кешенді кеңес жүргізіліп, бала толық тексеруден өтті. Қазіргі таңда гемодинамикасы тұрақталып, жасанды тыныс алу аппаратынан ажыратылды. Алайда орталық жүйке жүйесінің зақымдануына байланысты баланың есі әлі анық емес», – деді көпбейінді балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Әсел Шорманова.

Осы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.